Басқарма төрағасының айтуынша, аталған жобалар «Оңтүстік» индустриалды аймақ және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жүргізіледі.
«Биылғы жылы қол алынатын 20 жобаның 12-ін «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асырады. Оның құны 23,463,3 млн. теңгені құрап отыр. Ал, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жалпы құны 3,5 млрд. теңгелік 5 жобаны іске асыруды жоспарлауда. Бұдан бөлек, «Оңтүстік» индустриалды аймақ 40 млрд. теңгені құрайтын 5 жобаны іске қосу мақсатын көздеп отыр», – деді Айтмұхаммед Тұрарбекұлы.
Жалпы 2017 жылы «Шымкент» ӘКК трансформациялау кезеңінен өткен. Нәтижесінде жаңа жұмыс әдісі әзірленіп, инвестициялық жобаларды тиімді басқаруға және іске асыруға бағытталған басқару жүйесі енгізілген. Осының арқасында бірқатар ауқымды жобаларды іске асыру ісі жеңілдей түскен. Мәселен, Қарабұлақ ауылында сүт өндіру және қайта өңдеу кластері құрылды. Сондай-ақ, «Астана» тұрғын үй кешенін салу бойынша отандық инвесторлар 4 блок тұрғын үй кешеніне 1 млрд 507 млн теңге қаржы құйған болатын. Бүгінде оның 2-і ел игілігіне тапсырылған.
Айта кетейік, бүгінде облысымызда инвестициялық жобалардың саны мен сапасын арттыру мақсатында «Шымкент» ӘКК-ның «Ontustik Invest» инвесторларға қызмет көрсету бөлімі қалтқысыз жұмыс істеуде. Ондағы мамандар бизнес-жобамен келетін инвесторларға тиісті деңгейде көмек қолын созады. Сондай-ақ, аталған мекеме құрылыс, агроөнеркәсіптік кешен, жер қойнауын пайдалану, энергетика, мемлекетттік – жеке серіктестік және «Smart Ontustik» ақпараттық технологияларын енгізуге атсалысып отыр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі