2025 жылдан 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жүктілік пен босануға байланысты төленген қаражаттың артық бөлігін қайтару мақсатында 583 алушыға қатысты сотқа талап-арыз жолдаған. Қайтарылуы тиіс жалпы сома 1,4 млрд теңге, деп хабарлайды dalanews.kz.
BAQ.KZ-тің ресми сауалына жауап берген Қор өкілдері төлемдердің қандай жағдайда кері өндірілетінін және әлеуметтік төлемдерді тексеру тетігі қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
Қор мәліметіне сәйкес, сотқа берілген талап-арыздардың 191-і әлі қаралып жатыр. Ал 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 453 азамат артық төленген әлеуметтік төлемнің 330,6 млн теңгесін қайтарған. Бұдан бөлек, тағы 822 млн теңге өндіріп алынуы тиіс.
Төлем қандай жағдайда қайтарылады?
Редакция әлеуметтік аударымдарды қолдан ұлғайту, жалған еңбек қатынастарын рәсімдеу және табысты негізсіз көрсету фактілері бойынша нақты статистика сұраған. Алайда Қор мұндай жағдайлардың басым бөлігі қолма-қол төленген жалақыны растайтын құжаттарға қатысты екенін мәлімдеді.
Атап айтқанда, жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер ұсынған еңбек шарттары, шығыс кассалық ордерлер және өзге де құжаттар тексерілуі мүмкін. Егер әлеуметтік төлем тағайындалғаннан кейін азаматтың тұрақты табыс алғанын растайтын құжаттар күмән тудырса, материалдар құқық қорғау органдарына жолданады.
Қор әлеуметтік төлем тағайындау үшін ұсынылған құжаттардың жалған немесе шынайы екенін анықтайтын орган емес екенін атап өтті. Сондықтан күмән туғызатын деректер анықталған жағдайда мәселені тексеру үшін құжаттар құқық қорғау органдарына беріледі.
Қылмыстық істер қозғалған
Құқық қорғау органдары жалған еңбек қатынастарына байланысты 41 қылмыстық іс қозғаған. Сонымен қатар әлеуметтік төлемдерді заңсыз жолмен жоғары мөлшерде алуға әрекет жасаған тұлғаларға қатысты 14 сот үкімі шыққан.
Қандай мәліметтер тексеріледі?
Әлеуметтік кодекске сәйкес, жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер әлеуметтік аударымдарды ай сайын есептеп, келесі айдың 25-күнінен кешіктірмей аударуға міндетті.
Әлеуметтік төлем тағайындау туралы өтініш қаралған кезде Қор мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, әлеуметтік аударым төлеушілерден және өтініш иелерінен қосымша ақпарат сұратып, мәліметтердің дұрыстығын тексере алады.
Тексеруге негіз болатын жағдайлар қатарында әлеуметтік аударымдардың уақытында түспеуі, аударым көлемінің міндетті зейнетақы жарналарымен сәйкес келмеуі, құжаттардағы мәліметтердің мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректерден айырмашылығы, әртүрлі өңірлерде тіркелген бірнеше жұмыс берушіден бір кезеңде аударымдардың түсуі және әйел адамның жүктілік бойынша есепке тұрғанға дейін әлеуметтік аударымдарының болмауы бар.
Сот шешіміне шағым түскен
Артық төленген қаражатты өндіруге қатысты азаматтық істер бойынша екі алушы сот шешіміне апелляциялық шағым берген. Оның бірінде тараптар медиативтік келісімге келіп,