Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева автокөлік жүргізушілерінің жағына шықты. Депутат Қазақстанда көлікті 5 минуттан артық қыздыруға тыйым салынғаны туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, көлікті “55 минутқа дейін қыздыруға да болады”. Бұл туралы ол өзінің Facebook әлеуметтік желісінде айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутаттың сөзінше, ел арасында қызу талқыға түскен мәселе - көлікті 5 минуттан артық қыздыруға болмайды деген ереже бұл шындыққа жанаспайды.
"Жол қозғалысы туралы" заң мен жол қозғалысы ережелерінде (ЖҚЕ) мұндай шектеулер көрсетілмеген. Бұл түсініктің қайдан шыққанын анықтап көрсетейін. "Жол қозғалысы туралы" заңның 54-бабында көлік құралдарының иелері мен жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттері белгіленген. 4-тармағында жүргізушілерге қойылатын тыйымдар бар", дейді депутат.
Имашеваның сөзінше, оның ішінде мыналар атап өтілген:
- Жүргізушіге елді мекендерде қозғалтқышы қосулы көлікті тұраққа қоюға болмайды (егер бұл тұрғындарға қолайсыздық тудырса).
- Тұрғын аймақтарда қозғалтқышы қосулы көлікті тұраққа қоюға тыйым салынады (электромобильдерден басқа).
Тұрғын аймақ арнайы белгімен белгіленеді және тұрғындардың пікірі ескеріледі. Бұл талап та ЖҚЕ-де де көрсетілген.
Айта кетсек, тұрғын аймақта қатты музыка тыңдау немесе көлік сигналын қатты шығаруға да тыйым салынған.
5 минут деген шектеу қайдан шықты?
Бұл «тұрақ» ұғымымен байланысты.
"Заңға сәйкес, жолаушыларды отырғызу немесе түсіру немесе көлік құралын тиеу немесе түсірумен байланысты емес себептермен көлік құралының қозғалысын бес минуттан астам уақытқа тоқтап тұру - тұрақ болып саналады. Яғни, егер көлік 5 минуттан артық тоқтап тұрса, бұл тұрақ деп саналады.Осы талаптар мен шектеулер Қазақстан Республикасының ЖҚЕ-де көрсетілген және олар ұзақ уақыттан бері бар", дейді депутат.
Не ескеру қажет?
Егер сіздің көлігіңізді қыздырып тұруыңыз тұрғындарға қолайсыздық туғызбаса,бұл әкімшілік құқық бұзушылық болып саналмайды.
"Бірақ, егер сіз үлкен жүк көлігі немесе трактормен тұрғын үй ауласында қатты шу шығарып, түтіндетіп тұрсаңыз, тұрғындар шағымдануы мүмкін. Мұндай жағдайда ӘҚБтК-нің 597-бабы – көлік құралдарын тоқтату немесе тұрақ ережелерін бұзу әрекет етеді. Осы бап бойынша айыппұл мөлшері 5 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды", дейді депутат Имашева.
Қорытындылай келе, егер сіз адамдарға айтарлықтай қолайсыздық тудырмасаңыз, көлігіңізді қалағаныңызша қыздырып тұра аласыз.