“520 млн теңге айыппұл”. Атырау мұнай өңдеу зауытында заңбұзушылықтар анықталды

Қаракөз Амантай 02 сәу. 2026 09:20

Атыраудағы мұнай өңдеу зауытында ауқымды экологиялық талаптардың бұзылғаны белгілі болды. Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға жүздеген миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Экология департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру барысында булану алаңдарынан диаметрі 500 мм болатын жасырын құбыр анықталған. Мамандардың айтуынша, осы құбыр арқылы өндірістік ағын сулар заңсыз түрде ашық топыраққа төгілген.

Нәтижесінде екі учаскеде төгілген қалдық су көлемі 44 мың текше метрден асқан. Ластанған аумақтың жалпы көлемі шамамен 3 гектарды құрайды.

Бұдан бөлек, тексеріс кезінде атмосфералық ауаны қорғау талаптарының да өрескел бұзылғаны анықталды. Кәсіпорынның бірқатар стационарлық көздерінде отын жағу кезінде рұқсат етілген шығарындылар бойынша есептер мен нормативтердің жоқ екені белгілі болды.

Сондай-ақ зауыттың жоспардан тыс тоқтаулары кезінде апатты шығарындылар тіркелген. Соның салдарынан атмосфераға шамамен 40 мың текше метрге жуық отын газы тараған.

Сот қаулысымен "АМӨЗ" ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы салынған айыппұл көлемі 520 547 007 теңгені құрады.

Алайда кәсіпорын бұл шешіммен келіспейтінін мәлімдеп, сот үкімін қайта қарауға ниетті екенін жеткізді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove