Жылыой ауданында 2024 жылғы су тасқынынан кейін Құлсары аудандық прокуратурасының ғимаратын қалпына келтіруге 500 миллион теңгеден астам қаражат бөлінгені туралы ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Xaqmedia.kz журналисі Мадина Жатқанбаеваның айтуынша, аудан әкімінің орынбасары прокуратура ғимаратына су кіргенін және оны қалпына келтіруге 500 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалғанын мәлімдеген.
Осыдан кейін журналист мән-жайды анықтау үшін аудан прокуратурасына барып, алдымен көрші орналасқан полиция бөлімінің қызметкерлерімен тілдескен. Олар прокуратура орналасқан аумаққа су келмегенін айтып, ғимараттың су астында қалмағанын жеткізген.
“Су бұл аумаққа жеткен жоқ”, – дейді полиция қызметкерлері.
Ал прокуратура қызметкерлері керісінше, ғимаратқа су кіргенін растаған.
Қарама-қайшы жауаптарға байланысты журналист полиция қызметкерлерінен бұл ақпаратты қайта нақтылаған. Олар өз сөзінде бұл аумаққа су мүлде келмегенін тағы да қайталап, прокуратура ғимараты да су астында қалмағанын айтқан.
Осылайша, аудан әкімдігі, прокуратура және полиция қызметкерлерінің мәлімдемелері бір-біріне қайшы шықты.
“Егер прокуратура ғимаратын су баспаған болса, оны қалпына келтіруге бөлінген 500 миллион теңгеден астам қаражат қайда жұмсалды? Прокуратураның қызметін мұндай жағдайда кім тексереді?”, - деп сауал тастады Мадина Жатқанбаева.