АҚШ Ресейге 100 пайыз импорттық баж салығын енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, егер Мәскеу мен Вашингтон 50 күннің ішінде Украина бойынша бейбіт келісімге келе алмаса, жаңа шектеу шаралары күшіне енеді.
“Біз Ресей тарапына өте қатты наразы болып отырмыз. Егер келісім 50 күн ішінде жасалмаса, аса қатаң тарифтер енгіземіз. Бұл тарифтердің көлемі шамамен 100 пайыз болады. Оларды екіншілік тарифтер деп те атауға болады”, — деді Трамп Ақ үйде НАТО Бас хатшысы Марк Рюттемен кездесу кезінде.
“Мен екі ай бұрын біз мәмілеге келеміз деп ойлаған едім”, — деп қосты ол, Украинаны бейбіт жолмен реттеуге қатысты келіссөздерді меңзеп.
Айта кетсек, 8 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, 1 тамыздан бастап қазақстандық тауарларға 25 пайыздық баж салығы салынатынын ескерткен еді.