460 оқушы ауруханаға түсті: Маңғыстау облысында мектеп асханасында жұмыс істеген қызметкерлерге сот үкімі шықты

Қаракөз Амантай 24 қаң. 2025 15:09 1775

Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылында оқушыларға тамақ дайындаған төрт мектеп асханасының қызметкері медициналық тексеруден өтпей жұмыс істеген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сотта олардың медициналық тексеруден өткенін растайтын жалған анықтаманы 5000 теңгеге сатып алғаны белгілі болды. Жалған құжатта қызметкерлердің медициналық тексеруден, флюорографиядан, дерматологиялық тексеруден, бактериологиялық зерттеуден өткені және жұмысқа жіберілгені жазылған.

“Төрт азаматқа қатысты сот үкімі желтоқсан айында шықты. Олардың біріне 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынса, қалған үшеуіне 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді”, – деді Мұнайлы аудандық сотының төрағасы Ерсін Қазиев.

Яғни, сотталғандардың біріне 148 мың теңге, ал қалған үшеуіне 74 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

Айта кетейік, оқиға өткен жылы 6 қыркүйекте Бесшоқы ауылында орын алған. Мектеп асханасында түстенгеннен кейін оқушылардың денсаулығы нашарлап, медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болды. Нәтижесінде 460 оқушы ауруханаға жатқызылды. Барлығына “азық-түліктен улану” диагнозы қойылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар