414 медаль мен жүздеген жаңа нысан: БҚО спортының серпінді дамуы

Жарбол Кентұлы 17 там. 2025 12:08

Бүгінде өңірде 1563 спорт нысаны жұмыс істейді. Соңғы екі жылда 36 спорт алаңы, 3 хоккей корты салынды. Ауылдық жердердегі спорт инфрақұрылымын дамытуы да басты орында. Осы күнге дейін Бөрлі ауданында бір заманауи спорт манежі және 8 спорт кешені пайдалануға берілді.

Сондай-ақ спорт инфрақұрылымын дамытуға жеке кәсіпкерлер де үлес қосуда. Мәселен, Орал қаласында 2 спорт кешені, Бөрлі ауданында кәсіпкерлер қолдауымен спорт манежі салынды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылдың соңында "ҚазМұнайГаз" АҚ қаржысына көпсалалы спорт-сауықтыру кешені іске қосылды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді орта құру мақсатында "Жастар" стадионы маңында арнайы спорт кешенінің құрылысы аяқтала келді. Оның ашылуы 2025 жылдың тамызына жоспарланған.

Ауылдық жерлердегі спорт нысандарына ерекше көңіл бөлінуде. КПО б.в. компаниясының әлеуметтік-инвестициялық жобалары аясында Теректі, Жәнібек, Қаратөбе, Бөрлі және Бәйтерек аудандарында спорттық және мәдени-спорттық кешендер салынуда.

 

"Samruk-Kazyna Trust" қорының қолдауымен Сарыөмір ауылында спорт кешенінің құрылысы басталды. Жергілікті бюджет есебінен Есенсай, Щапов және Жәнібек ауылдарында спорт нысандары бой көтеруде.

"Қазақстан халқына" қоғамдық қоры Алғабас және Қарауылтөбе ауылдарында модульді спорт кешендерін тұрғызуды жоспарлап отыр. Бұл нысандардың барлығы 2025 жылы пайдалануға берілмек.

Бұқаралық спорт және жаңа межелер

Салауатты өмір салтын дәріптеу үшін өңірде ауқымды спорттық шаралар ұйымдастырылып келеді. Соңғы екі жылда 5809 іс-шара өтіп, оған 318 196 адам қатысты. Тек 2025 жылдың II тоқсанында ғана 84 453 шара өткізіліп, оның ішінде 1121-і ауылдық жерлерде өтті. Жалпы қатысушылар саны – 43 279 адам.

Қазіргі таңда облыс халқының 41,2%-ын құрайтын 285 941 адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Мақсат – 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 50%-ға жеткізу.

Болашақ спорты – жас таланттар

Балалар спортын қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Облыстағы 22 спорт мектебінде 14 270 бала жаттығады. Оның ішінде 9 467-і олимпиадалық, 4 803-і олимпиадалық емес спорт түрлерімен айналысады.

Мемлекеттік спорттық тапсырыстың арқасында 2024 жылы 15 472 бала тегін спортпен шұғылданды (қаржыландыру көлемі – 2,4 млрд теңге). 2025 жылы бұл мақсатқа 2,713 млрд теңге қарастырылған.

Жас спортшыларды 661 жаттықтырушы тәрбиелеуде. Спорт мектептерінде 61 спорт түрі дамуда: 5 қысқы олимпиадалық, 26 жазғы олимпиадалық және 10 ұлттық спорт түрі бар. Жаңа бастамалар аясында биатлон бөлімі ашылып, жеңіл атлетика, үстел теннисі мен дзюдо барлық аудандарда дамуда.

Облыс спортшылары халықаралық аренада да табысқа жетуде. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында олар 414 медаль иеленді, оның ішінде 188-і алтын, 67-сі күміс, 159-ы қола. Азия чемпионаттарында – 12 алтын, 9 күміс, 15 қола, ал әлем чемпионаттарында – 6 алтын және 2 қола медаль жеңіп алды.

Өңірдің атын әлемге танытып жүрген спортшылар қатарында Зейнеп Баянова (әйелдер күресі), Нұрбол Серіков (самбо), Мария Бровкова (байдарка, каноэ), Даниял Сабит (бокс), Әсемгүл Ғалымжанова (дәстүрлі садақ ату), Қыдырбай Мырзатай (дзюдо), Биғабыл Жоламан (каратэ), Руслан Елубаев (велоспорт), Каусар Нұрболат (мәнерлеп сырғанау), Асет Қайыржанов (тоғызқұмалақ) бар.

Жаңа белестерге жол

Мемлекет, бизнес және қоғамның бірлескен еңбегінің арқасында өңір спорты қарқынды дамып келеді. Барлық тұрғындарға тең мүмкіндік жасау, спорт инфрақұрылымын жаңарту мен кеңейту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Алда – жаңа жетістіктер мен жеңістер, олар Батыс Қазақстанды ғана емес, күллі елді әлемге танытпақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар