4 млн теңге алимент төлемеген әке түрмеге қамалды

4 млн теңге алимент төлемеген әке түрмеге қамалды
Central Media

Батыс Қазақстан облысында алимент төлеуден жалтарған борышкер 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

БҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 5 мамырдағы үкімімен ер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша кінәлі деп танылған.

Сот барысында оның бір жылдан астам уақыт бойы кәмелетке толмаған баласын асырау жөніндегі сот шешімін орындамағаны анықталған. Соның салдарынан алимент бойынша қарызы 4 миллион теңгеге жеткен.

Прокуратура мәліметінше, бұған дейін де ол осындай құқықбұзушылық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Алайда рақымшылық жасау туралы актінің қолданылуына байланысты жазадан босатылған. Соған қарамастан ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтаруын жалғастырған.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Ведомствоның дерегінше, биылғы жылдың алғашқы төрт айында Батыс Қазақстан облысында алимент төлеуден жалтару фактілері бойынша Қылмыстық кодекстің 139-бабымен 21 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде 7 іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылса, 5 іс бойынша айыптау үкімдері шығарылған. Қалған істер өндірісте жатыр.

Прокуратура сот шешімдерін орындамау қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салды.