Бас прокуратура Жоғарғы аудит палатасының (ЖАП) аудит қорытындысы бойынша анықталған ірі көлемдегі қаржылық бұзушылықтарға байланысты “СҚ-Фармация” ЖШС-не қатысты сотқа дейінгі тергеуді тіркеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әлеуметтік желілерде хабарлады.
Анықталған бұзушылықтар
Депутаттың мәліметінше, ЖАП жүргізген аудит барысында мынадай деректер анықталған:
“Инфекциялық ауруларға қарсы препараттар ғылыми орталығы” АҚ:
- 166,4 миллион теңгеге жалған клиникалық зерттеулер жүргізілген;
- жеткізілмеген жабдыққа байланысты 36,7 миллион теңге негізсіз игерілген.
“СҚ-Фармация” ЖШС:
- дәрілік заттарды сатып алу кезінде бюджетке келтірілген болжалды шығын — 35,8 миллиард теңге.
“КазМедПром” ЖШС:
- медициналық қолғаптарды жеткізу кезінде бағаның асыра көрсетілуіне байланысты 5,3 миллиард теңге көлемінде қаржы тиімсіз пайдаланылған.
Тергеу барысы
"Дәрі-дәрмек сатып алудағы 35,8 миллиард теңге көлеміндегі шығын фактісі, сондай-ақ “КазМедПром” ЖШС тарапынан медициналық қолғаптарды жоғары бағамен сату оқиғасы Бас прокуратураның ақпараттарды есепке алу кітабына (АЕК) тіркеліп, процестік шешім қабылдау үшін Қаржы мониторингі агенттігіне берілді", – деп жазды Базарбек.
Сонымен қатар, жалған зерттеулер мен 200 миллион теңгеден астам мақсатсыз қаржы игеру бойынша “Инфекциялық ауруларға қарсы препараттар ғылыми орталығы” АҚ-ның қызметін тексеру үшін Алматы қаласының прокуратурасына тапсырма жолданған.
Бас прокуратура сондай-ақ “СҚ-Фармация” ЖШС мен Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына қатысты қосымша тексерулер бастау туралы шешім қабылдады.
Айта кетейік, “СҚ-Фармация” ЖШС - Қазақстанда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бірыңғай дистрибьюторы. Компания дәрі-дәрмек сатып алу, сақтау және елдегі медициналық ұйымдарға жеткізумен айналысады.
Еске сала кетейік, 4 маусым күні Мәжілістің жалпы отырысында Жоғарғы аудит палатасының төрағасы Әлихан Смайылов елдегі дәрі-дәрмекпен қамту жүйесін қатты сынға алған болатын.