315 мың теңгенің билеті: Air Astana-дан билет алған блогер FlyArystan-мен ұшқанына шағымданды

315 мың теңгенің билеті: Air Astana-дан билет алған блогер FlyArystan-мен ұшқанына шағымданды
Air Astana

Атыраулық блогер Заида Онуора Threads желісінде Air Astana әуе компаниясынан 315 мың теңгеге билет сатып алғаннан кейін рейсі күтпеген жерден FlyArystan әуе компаниясына ауыстырылғанын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның сөзінше, хабарлама түнгі сағат 23:10 шамасында, ұшуға 12 сағаттан аз уақыт қалғанда келген.

"Неліктен 315 мың теңгеге билет аламын да, түнгі 23:10-да мені FlyArystan рейсіне ауыстыратындарын жазады? Ұшуға 12 сағат қалды", - деп жазды блогер.

Пікір жазған өзге қолданушылар да осындай жағдайға тап болғанын айтты. Олардың бірі мұндай жағдай Атыраудан ұшатын рейстерде жиі кездесетінін жеткізді. Оның айтуынша, рейс лоукостерге ауыстырылғаннан кейін бизнес класс үшін төлеген қаражаттың айырмасын бірнеше рет қайтаруға тырысқанымен, нәтиже болмаған. Оның орнына ұшар алдында 25 мың теңгелік ваучер ұсынылған.

Тағы бір қолданушы дәл осындай жағдай Ақтөбеде де болғанын айтты. Оның сөзінше, балалары ұшу кезінде мультфильм көріп, борттағы тамақты ішсін деп Air Astana-ны әдейі таңдаған. Алайда ұшар алдында олардың рейсі де FlyArystan-ға ауыстырылғаны хабарланған.

Әуе компания ұшақтың ауыстырылуы мәжбүрлі шара екенін мәлімдеді. Компанияның мәліметінше, бұл ұшу кестесіндегі түрлі іркілістерге байланысты болады.

"Ұшақ ауыстырылуы - ұшақ кеш келуі немесе техникалық себептерден рейс кешігуі сияқты жағдайларда қабылданатын мәжбүрлі шара", - деп мәлімдеді Air Astana өкілдері.