Кеңес киносының танымал актрисасы әрі балерина Наталья Трубникова 72 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Ол көрерменге "31 маусым" музыкалық фильміндегі ханшайым Мелисента рөлі арқылы кеңінен танылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Mash Telegram арнасының мәліметінше, қайғылы жағдайдың алдында актриса таңертең көршілерімен телефон арқылы сөйлескен. Алайда кешке қарай қоңырауларға жауап бермей қалған.
Кейін көршісі оның үйіне барып, Наталья Трубникованы тіршілік белгісінсіз тапқан. Хабарламада актрисаның диванда отырған күйінде көз жұмғаны айтылады.
Соңғы жылдары өнер иесі Паркинсон ауруымен ауырған.
Наталья Трубникова кім?
Наталья Трубникова 1955 жылғы 17 шілдеде Мәскеуде дүниеге келген.
Ол ГИТИС-тің балетмейстерлік факультетін тәмамдап, кейін Станиславский және Немирович-Данченко атындағы Мәскеу академиялық музыкалық театрында өнер көрсеткен.
Актрисаға үлкен танымалдықты "31 маусым" музыкалық ертегі-фильміндегі ханшайым Мелисента рөлі әкелді. Сондай-ақ ол кеңес көрерменіне жақсы таныс "Махаббат формуласы" және "12 орындық" фильмдеріне де түскен.
Наталья Трубникова балет солисі, кейін режиссер-балетмейстер әрі педагог болған Анатолий Кулаковпен отбасын құрған.
1990 жылы ерлі-зайыпты бірге «Орыс модельдер академиясы» мектебін құруға атсалысқан.