Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев инвестициялық саясат, өнеркәсіп құрылымы және қаржы жүйесіндегі жүйелі олқылықтарға назар аударып, шикізатқа тәуелді модель мен банктердің экономикадан алшақтауын сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Президенттің айтуынша, жаңа инвестициялар ең алдымен елімізде заманауи өнеркәсіптің берік негізін қалыптастыруға бағытталуы тиіс.
«Былтыр өңдеу өнеркәсібі тұрақты дамып, 6,4%-ға өсті. Бірақ өңделген тауар экспорты 2,7%-ға төмендеді. Бұған жалпы экспорттың 4,2%-ға азайғаны да әсер етті.
Өнеркәсіп саясатының басты кемшіліктері дәл осы тұста анық байқалды. Бұл салада шикізат өндірушілердің үлесі әлі де басым.
«Металлургия секторында экспортқа шығарылатын тауардың жартысынан көбі төмен деңгейде өңделген өнімдер. Соның салдарынан шикізатты сыртқа шығарып, дайын өнімді қайта сатып аламыз. Бұл парадокс. Мұндай тәжірибені доғару керек», – деді Қасым Жомарт Тоқаев.
Президент шикізат өндірісін шектеу емес, оны терең өңдеумен қатар дамыту қажет екенін атап өтті.
«Шикізат экспорттағаннан гөрі, одан дайын өнім өндіріп, сыртқа шығару әлдеқайда пайдалы. Бұл оңай емес, бірақ үлгілі кәсіпорындар бар. Өңдеу саласын дамытамыз деп, шикізат өндіруге зиян келтіруге болмайды. Үкіметтің саясаты ақылға қонымды әрі байыпты болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент қаржы нарығындағы құрылымдық теңгерімсіздіктерге де тоқталды. Оның айтуынша, ұзақ мерзімді капиталдың көзі саналатын сақтандыру және құнды қағаздар нарығы елде жеткілікті дамымаған.
«Сақтандыру секторының үлесі небәрі 5%. Мұндай жағдаймен келісуге болмайды. Сақтандыру нарығын мемлекеттің, азаматтар мен бизнестің ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастыратын маңызды институт ретінде қарастырған жөн», – деді Тоқаев.
Осыған байланысты Президент 2030 жылға дейін сақтандыру және қор нарығын дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.
Қаржы секторына қатысты ең өткір сын банк жүйесіне бағытталды. Мемлекет басшысы банктердің жоғары табыс тауып отырғанына қарамастан, экономиканы қаржыландыруға құлықсыз екенін атап өтті.
«Қаржы нарығындағы активтердің 84% банк саласына тиесілі. Бірақ бизнеске берілетін қарыз үлесі небәрі 38%. Екінші деңгейлі банктер былтыр 3 триллион теңгеге жуық табыс тапты. Бірақ экономиканы қаржыландыруға келгенде сылтау таусылмайды», – деді Президент.
Ол өткен жылдардағы банк жүйесіндегі дағдарыстарды еске салып, мемлекет көмегіне қарамастан кейбір ірі банктердің күйрегенін айтты.
«Экономиканы қолжетімді кредитпен қамтамасыз етудің жалғыз жолы – инфляцияны тұрақтандыру. Бұл жерде Үкімет пен Ұлттық банктің жүйелі әрі кәсіби жұмыс істеуі шешуші рөл атқарады», – деді Қасым Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, инвестициялық және қаржы саясаты нақты экономикалық нәтиже беруге, ал табыс халықтың әл ауқатын арттыруға қызмет етуі тиіс.
Мемлекет басшысы еліміздің импортқа тәуелділігін күшейтіп отырған тағы бір түйткілді сала – мұнай өңдеу мәселесіне арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, Қазақстан мұнай өндіруші ел бола тұра, отын өнімдері бойынша сыртқы нарыққа тәуелді болып отыр.
«Қазақстанда жылына шамамен 100 миллион тонна мұнай өндіріледі, бірақ елімізде соның тек 18 миллион тоннасы ғана қайта өңделеді. Соның салдарынан біз мұнай өндіруші ел болсақ та, жыл өткен сайын дизель отыны бойынша тапшылық пайда болып жатыр, авиациялық керосин бойынша да импортқа тәуелді болып отырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұл жағдай энергетикалық қауіпсіздікке тікелей әсер ететінін атап өтіп, қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарын шұғыл жаңғырту қажеттігін айтты.
«Отынға деген сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, елімізде жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту керек. Бұл жұмысты жедел орындау қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, зауыттарды жаңғырту арқылы өңделетін мұнай көлемін едәуір арттыруға болады.
«Аталған қадам бір жылда өңделетін мұнай көлемін 9 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Яғни, 18,4 миллион тоннадан 27,4 миллион тоннаға дейін өседі. Бұл – министрліктің мәліметі», – деді ол.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесіне де сақтықпен қарау қажет екенін ескертті.
«Үкімет жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысты байыпты шешім қабылдауы қажет. Ең алдымен, мұнай өңдеу зауытына шикізат қайдан жеткізілетінін, қандай өнімді және қанша көлемде өндіретінін дұрыс есептеу керек», – деді Президент.
Бұл жобаны жүзеге асыруда мемлекет қаржысына ғана сүйену тиімсіз екенін ашық айтты.
«Бұл жобаны іске асыруға жеке инвестор тарту керек болады. Бүгінде мұндай ірі жобаны тек мемлекет қаржысына салу өте тиімсіз», – деп түйіндеді Қасым-Жарт Тоқаев.
