Freedom Inside '26

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні
magnific.com

23 маусым – Қазақстанда Мемлекеттік қызметшілер күні. Бұл күн мемлекеттік басқару жүйесінде еңбек етіп жүрген мыңдаған маманның кәсібилігі мен қоғам алдындағы жауапкершілігін айшықтайтын мереке ретінде аталып өтеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекеттік қызмет – мемлекеттің тұрақты дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды институттардың бірі. Мемлекеттік қызметшілер күн сайын халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және азаматтарға сапалы қызмет көрсетуге үлес қосып келеді.

Қазақстанда Мемлекеттік қызметшілер күні 2013 жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілді. Ал 2014 жылдан бастап ресми түрде аталып өтуде. Бұл мерекенің белгіленуі Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен үндес. Өйткені 2002 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 23 маусымды Мемлекеттік қызмет күні деп жариялап, ұйымға мүше елдерді аталған күнді ұлттық деңгейде атап өтуге шақырған болатын.

Бүгінде мемлекеттік қызмет саласы жаңа даму кезеңіне қадам басты. Қазіргі заман мемлекеттік аппараттан тек кәсібилікті ғана емес, сонымен қатар ашықтықты, жеделдікті және азаматтардың сұранысына дер кезінде жауап беруді талап етеді. Осыған байланысты елімізде мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруге бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асырылып келеді.

Қазақстанда мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары мен жұмыс тәртібі «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңмен реттеледі. Құжат мемлекеттік қызметке қабылдау, қызметтік өсу, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттері секілді маңызды мәселелерді қамтиды.

2024 жылы Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Құжаттың басты мақсаты – адам мүддесін бірінші орынға қоятын мемлекеттік қызметтің сервистік моделін қалыптастыру.

Тұжырымдама аясында мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру, заманауи HR-технологияларды енгізу және цифрлық шешімдерді кеңінен пайдалану көзделген. Бұл бастамалар Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған.

Сондай-ақ Қазақстан мемлекеттік қызметтің гибридті моделіне көшуде. Бұл модель мансаптық және позициялық жүйелердің тиімді тұстарын біріктіріп, мемлекеттік қызметке әртүрлі салада тәжірибесі бар мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде мемлекеттік аппаратқа бизнес, медицина, білім беру, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардан білікті кадрлар келіп, басқару сапасының артуына ықпал етпек.

Мемлекеттік қызметті дамытуда үздіксіз білім алу мен кәсіби жетілдіруге ерекше көңіл бөлінуде. Қызметкерлердің оқу бағдарламалары мен тағылымдамаларға қатысуы қолдау тауып, біліктілікті арттырудың тұрақты тетіктері қалыптастырылмақ. Болашақта қызметкерлердің еңбекақысы олардың кәсіби жетістіктерімен және өзін-өзі дамытуға деген ұмтылысымен тығыз байланысты болады.

Әлеуметтік кепілдіктерді күшейту де реформалардың маңызды бөлігі саналады. Заң жобасында мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері қамтылған. Атап айтқанда, демалыс және мереке күндері атқарылған жұмыс үшін міндетті түрде өтемақы төлеу, еңбек өтіліне қарай қосымша демалыс беру және басқа өңірге қызметтік ауысу кезінде отбасыларды қолдау тетіктерін енгізу жоспарланған.

Мемлекеттік қызметтің тиімділігі тек заңдар мен реформаларға ғана емес, сонымен бірге қызметкерлердің кәсіби әдебі мен жауапкершілігіне де байланысты. Осы ретте Әдеп жөніндегі уәкілдер институтының рөлі ерекше. Олар мемлекеттік қызметшілерге кеңес беріп, қызметтік әдеп нормаларын сақтауға көмектеседі, құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.

Статистика

Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесінде 84 мыңнан астам маман еңбек етеді. Олардың орташа жасы 40-ты құраса, еңбек өтілі шамамен 12 жылға тең. Мемлекеттік қызметшілердің 55,8 пайызын әйелдер құрайды. Мемлекеттік аппаратта 900-ден астам ерекше қажеттілігі бар азамат еңбек етеді. Бұл көрсеткіштер мемлекеттік қызметтің қоғамдағы маңызды рөлін және оның кадрлық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.

Елімізде үш айда 74,8 млн мемлекеттік қызмет көрсетілген

Бүгінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылдың алғашқы үш айында ғана қазақстандықтарға 74,8 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде 54,9 миллионнан астам қызмет орталық мемлекеттік органдар арқылы, 19,9 миллионнан астамы жергілікті атқарушы органдар арқылы ұсынылған. Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 3,9 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Халық арасында ең көп сұранысқа ие қызметтердің қатарында жеке куәліктерді рәсімдеу, көлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру, жылжымайтын мүлік құқықтарын тіркеу және басқа да әлеуметтік маңызы жоғары қызметтер бар.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтің басты мақсаты – халыққа қолайлы жағдай жасау, азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру және мемлекеттік қызметтерді сапалы ұсыну. Бұл бағытта қоғамдық бақылау да күшейіп келеді. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау мақсатында халыққа қызмет көрсету орталықтарында тұрақты мониторингтер жүргізіліп, азаматтардың пікірлері мен ұсыныстары назарға алынуда.

Мемлекеттік қызмет – жай ғана жұмыс емес, қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Сондықтан мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі, адалдығы және халық мүддесіне қызмет етуге деген ұмтылысы елдің дамуы мен мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін айқындайтын негізгі факторлардың бірі болып қала береді.