2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының финалына сатылған билеттер АҚШ-та өткен спорттық жарыстар тарихындағы ең қымбат билеттер болуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.
Финалда Испания мен Аргентина құрамалары кездеседі. Шешуші матч 19 шілде, жексенбі күні АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы MetLife стадионында өтеді, деп жазады Yahoo Sports.
TickPick онлайн платформасының мәліметінше, финалдық ойынға билеттің орташа бағасы 11 327 АҚШ долларын құрайды. Бұл көрсеткіш АҚШ-тағы спорттық іс-шаралар тарихындағы билет бағасының жаңа рекорды саналады.
Бұған дейінгі рекорд 2024 жылғы Super Bowl финалында тіркелген. Ол кезде San Francisco 49ers пен Kansas City Chiefs командалары арасындағы матчқа билеттің орташа бағасы 9 411 доллар болған.
Ал 2026 жылғы әлем чемпионаты финалына ең арзан билет 7 451 доллардан басталады.
TickPick платформасындағы ең қымбат сатып алу – 115A секторындағы 21-қатарға арналған екі билет. Әр билет 28 479 АҚШ долларына сатылған.
USA Today басылымының жазуынша, егер Англия құрамасы 1966 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатының финалына шыққанда немесе АҚШ өз жерінде алғаш рет финалда ойнағанда, билет бағасы бұдан да жоғары болуы мүмкін еді.