2026 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын жүзеге асыруға 285 млрд теңге бағытталмақ. Бұл туралы ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин мәжілісте өткен заң жобаларын таныстыру барысында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бүгін, 11 қыркүйекте, мәжілісте 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобалары таныстырылды. Онда президенттің бастамаларына 285 млрд теңге бөлінетіні белгілі болды.
"Бұл келесі жылға қарастырылған қаражат. Оған биылғы Жолдауды іске асыру да, Жолдаудан тыс тапсырмалар, аймақтарға сапарлар кезіндегі бастамалар да кіреді. Егер қосымша тапсырмалар болса, соған да резерв бар. Резерв шығын көлеміне байланысты. Биыл біздің кірістер мен шығыстар осындай соманы бөлуге мүмкіндік беріп отыр", – деді Амрин мәжіліс кулуарында.
Жаңа Бюджет кодексіне сәйкес, президент резерві бюджет шығыстарының кемінде 1,5%-ын құрауы тиіс. 2026 жылы республикалық бюджет кірістері 19,2 трлн теңге, шығыстары – 27,7 трлн теңге көлемінде жоспарланған.