Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026-2027 оқу жылына арналған жоғары оқу орындарына қабылдау науқанының негізгі мерзімдерін жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, негізгі ҰБТ 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтеді.
Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 20 маусымда басталып, 25 тамызға дейін жалғасады.
«Педагогикалық ғылымдар» және «Денсаулық сақтау» бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларына түсушілер үшін арнайы емтихандар 20 маусым мен 20 тамыз аралығында өткізіледі. Ал грант конкурсына қатысу үшін талапкерлер арнайы емтиханды 20 шілдеге дейін тапсыруы тиіс.
Шығармашылық емтихандарға қатысуға өтініштер 20 маусым мен 10 тамыз аралығында қабылданады. Грант конкурсына қатысқысы келетін талапкерлер үшін құжат қабылдау 7 шілдеге дейін жүргізіледі.
Шығармашылық емтихандардың өзі 7 шілде мен 15 тамыз аралығында өтеді. Грант конкурсына қатысушылар бұл емтихандарды 20 шілдеге дейін тапсыруы қажет.
Білім гранттары конкурсына өтініштер 13-20 шілде аралығында қабылданады.
Мемлекеттік білім гранттарының иегерлері 10 тамызға дейін белгілі болады.
Министрлік талапкерлерге өздерін қызықтыратын жоғары оқу орындарының ресми сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшаларынан өзекті ақпаратты қадағалап отыруға кеңес берді.