Әлеуметтік желіде 89 жастағы қария кісінің араға 20 жыл салып туған жеріне барып, бауырларымен қайта қауышқан сәті көпшіліктің жүрегін елжіретті. Толқынысқа толы бейнежазбаны қарияның немересі Марал жеке парақшасында жариялаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бейнекадрларда қарт ананың Қытай шекарасынан өтіп, туған-туыстарымен қауышқан сәті көрсетілген. Көз жасына ерік берген әженің қуанышы желі қолданушыларына ерекше әсер қалдырды.
"Жылдар бойы әжемнің аңсаған арманы орындалып, сағынышы басылмай жатыр", – деп жазды Марал.
Немересінің айтуынша, әжесі 1959 жылы 22 жасында туған ағасымен бірге Отанына оралған. Алайда құжат мәселесіне байланысты ата-анасы мен алты бауыры шекарадан өте алмай, Қытайда қалып қойған.
"Кейін араға ұзақ жылдар салып, 1989 жылы атам арнайы виза рәсімдеп, әжемді туған-туыстарына апарып келген. Ал 2006 жылы әжем туғандарын іздеп тағы бір мәрте Қытайға барып қайтқан. Соған қарамастан, әженің сағынышы басылған емес", - дейді немересі.
Маралдың сөзінше, сол кезеңдегі қатаң заң талаптары бауырлардың ұзақ жылдар бойы бір-бірімен байланыс орната алмауына себеп болған.
Бейнежазба желіде кеңінен тарап, көпшілік өздерінің де тағдырлас оқиғаларын бөлісе бастады. Кейбірі жақындарымен қайта қауышқанын жазса, енді бірі өмір бойы сағынышпен өмір сүріп келе жатқанын айтқан.
Қосылған сәттегі апалы-сіңілілердің құшағы мен көз жасы көрермендерді бейжай қалдырмады. Көпшілік қарияның өмір жолына тәнті болып, ақ тілектерін жаудырып жатыр.
Тлегенова Аруна