2025 жылы 20 қазаннан бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) жаңа ережесі күшіне енеді. Енді Қазақстанға жеке тұлғалардың ірі көлік құралдарын әкелу мүмкіндігі шектеледі. Аталған шешім жүк көліктеріне, автобустарға және тағы да кейбір көлік түрлеріне қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жеке тұлғалар үшін қандай өзгеріс болады?
Қазақстан Республикасы Индустрия және ауыл шаруашылығы министрлігінің Өнеркәсіп саясаты департаментінің директоры Әділбек Бектібавтың айтуынша, аталған күннен бастап жеке тұлғалар тек төмендегі көлік түрлерін жеке пайдалану үшін әкеле алады:
- Жеңіл автомобильдер (медициналық мақсатқа арналғандарына рұқсат берілмейді);
- Жолсыз жерге арналған көліктер: квадроциклдер, қарда жүретін көліктер, батпақта жүретін көліктер, мотобагги, бірақ жарысқа арналған көліктер кірмейді;
- Мотоциклдер, мопедтер және мотороллерлер;
- Жеңіл жүк көліктері мен шағын автобустар: жүргізушіні қоса алғанда 12 адамға дейін тасымалдауға арналған автокөліктер және толық массасы 5 тоннаға дейінгі жүк көліктері. Бұған жоғары радиациялық материалдарды тасымалдауға арналған арнайы көліктер кірмейді.
Рәсімдеу мен тіркеуге арналған шектеулер
Жаңа тізімге кірмейтін көлік түрлерін әкелген жеке тұлғалар:
-
СБКТС (дөңгелекті көлік құралының қауіпсіздігі туралы куәлік) ала алмайды;
-
Кедендік рәсімдеуден өткізе алмайды;
-
ЭПТС (көлік құралының электронды паспорты) ала алмайды;
-
Утилизациялық алымды төлей алмайды;
-
Көлікті мемлекеттік тіркеуге қоя алмайды.
Яғни, енді автобустар мен жүк көліктерін жеке тұлғалар емес, тек компаниялар импорттай алады.
Неліктен шектеу енгізілді?
Биыл жазда ЕЭК "жеке тұлғалардың өз қажеттілігі үшін әкелетін бірлі-жарым көлік құралдары" ұғымына нақтылау енгізді. Шешім бойынша, жеке қажеттіліктерге кәсіпкерлік қызмет кірмейді. Бұл түзетулер Кеден одағының "Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентіне енгізілген.