Өз кезегінде Президент судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы керек екенін алға тартты. Өйткені жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өсіп келе жатқаны белгілі. Бұл – қалыпты құбылыс. 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.
– Біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады.
Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент шаруалар мен өнеркәсіп өкілдерінің суды қалай пайдаланып жатқанына қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар жасау керек екенін алға тартты. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын анықтауға мүмкіндік береді. Соынмен қатар ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды.
– Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Елімізде суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет.
Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек.
Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу, – деді Тоқаев.
Сонымен қатар Президент өз Жолдауында суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек екенін ескертті.
– Суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді.
Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады, – деді.