19 қыркүйекте Қазақстанның барлық өңірінде World Cleanup Day – Дүниежүзілік тазалық күніне арналған ауқымды экологиялық іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Іс-шаралар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында ұйымдастырылады. Оған еліміздің тұрғындары, волонтерлер, жастар, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорындардың өкілдері қатысады.
Бір күн ішінде республика бойынша қоғамдық және табиғи аумақтар, су айдындарының жағалаулары, саябақтар мен басқа да орындар қоқыстан тазартылады.
World Cleanup Day тек сенбілік өткізумен шектелмейді. Бұл – қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайтынын жеке ісімен көрсетуге және туған өлкенің тазалығын сақтауға үлес қосуға мүмкіндік беретін халықаралық бастама.
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі барша тұрғынды 19 қыркүйекте өтетін Дүниежүзілік тазалық күніне қатысуға шақырды.