17 қазақстандық Мьянма, Камбоджа және Лаоста еңбек құлдығында болған

17 қазақстандық Мьянма, Камбоджа және Лаоста еңбек құлдығында болған
ЖИ: Dalanews.kz

2026 жылдың басынан бері Мьянма, Камбоджа және Лаоста еңбек құлдығына тап болған 17 Қазақстан азаматы елге қайтарылды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомствоның мәліметінше, азаматтардың елге аман-есен оралуына қазақстандық дипломаттар ықпал еткен.

«2026 жылғы 20 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанның Таиландтағы елшілігінің қолдауымен Мьянмадан бес азамат елге қайтарылды. Сондай-ақ Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігінің қатысуымен Камбоджадан сегіз және Лаостан төрт Қазақстан азаматы елге оралды», – делінген министрлік жауабында.

СІМ мәліметінше, 2022 жылдан бері қазақстандық дипломаттардың көмегімен заңсыз ұсталып, еңбек қанауына ұшыраған 66 Қазақстан азаматы шетелден елге қайтарылған. Еске салсақ, соңғы бірнеше жылда ғана Мьянмадағы алаяқтық орталықтарынан (скам-орталықтардан) босатылған 49 қазақстандық елге жеткізілген.