17 жыл бойы аға-жеңгесінің малын бағып, құлдықта болған Құндыз бен Назгүлге қатысты жаңа ақпарат тарады. Әлеуметтік желіде Құндыздың аяқ-қолы скотчпен байлаулы жатқан суреті тарады. Журналист Руслан Өтепбай мәселенің мән-жайын анықтап келген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Журналист қыздардың заңды қамқоршысы Зүлфия Төленованың үйіне барған. Құндыз бен Назгүл қазіргі уақытта сол әйел адамның қамқорлығында. Қыздар Зүлфия Төленованы "мама" деп атайды.
Құндыздың сөзінше, оны Зүлфия Төленова байлап қойған.
"Мама істеді. Зүлфия мама. Көп уақыт жаттым осылай. Мені байлаған кезде Зүлфия мама үйде болды", - дейді Құндыз.
Ал Зүлфия Төленова бұл уақытта үйде болмағанын айтады.
"Мен оны байлаған кезде үйде болған жоқпын. Байланғанын көрген жоқпын. Түсінбеймін", - дейді Зүлфия Төленова.
Руслан Өтепбайдың сөзінше,қиналып жүрген тек Құндыз бен Назгүл ғана емес екен. Былтыр 29 желтоқсанда заңды қамқоршы Зүлфия Төленованың үстінен ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Арызданушылар - Төленова асырап алған басқа балалар.
"Балалардың айтуынша, Зүлфия Төленова ішімдік ішіп алып, олардың мазасын алып, бірнеше рет қол көтерген. Аталған дерек бойынша қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Егер кінәсі дәлелденсе, заң аясында жауапқа тартылады", - дейді журналист.
