15,5 млрд жеткіліксіз: референдумға жұмсалатын шығын өседі

Самал Асқар 12 ақп. 2026 11:50

Жаңа Конституция бойынша 15 наурызға белгіленген республикалық референдумға кететін шығын алдыңғысынан да көп болуы ықтимал, деп хабарлайды Dala News.

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтің айтуынша, нақты сома әзірге белгісіз, себебі Орталық сайлау комиссиясынан бюджеттік өтінім әлі түспеген.

«Сома әлі белгісіз. Біз Орталық сайлау комиссиясынан бюджеттік өтінімді күтіп отырмыз. Менің болжамымша, өткен референдумға жұмсалған 15,5 млрд теңгеден көп болады. Себебі халық саны артты, инфляция бар. Халық саны көбейген соң сайлау учаскелері де көбейеді. Соған сәйкес шығын көлемі де артады деп күтіп отырмыз», – деді ол Сенат кулуарында.

Вице-министрдің сөзінше, референдумның нақты қанша қаржы талап ететіні екі күн ішінде белгілі болады. Қаржыландыру Үкімет резерві есебінен жүзеге асырылады.

Айта кетейік, бұған дейін өткен референдумға 15,5 млрд теңге жұмсалған. Ал бұл жолғы шығын көлемі халық санының өсуі мен инфляциялық қысымға байланысты артуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove