15 сәуірден бастап мобильді аударымдарға байланысты жаңа ереже күшіне енеді

Қаракөз Амантай 14 сәу. 2026 14:43

15 сәуірден бастап Қазақстан банктері мобильді аударымдар туралы мәліметтерді салық органдарына жолдай бастайды. Жаңа талап аясында қаржы ұйымдары 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша барлық мобильді аударым жөніндегі ақпаратты ұсынуға міндеттеледі. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрлік мәліметтерді алғаннан кейін камералдық бақылау жүргізіп, күмән тудырған жағдайлар бойынша азаматтарға хабарлама жібереді. Егер азамат белгіленген мерзімде түсініктеме берсе немесе қажетті салық есебін тапсырса, мәселе жабылған болып есептеледі.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, жеке мақсаттағы ақша аударымдары кәсіпкерлік табыс ретінде қарастырылмайды. Яғни туған күн, той-томалақ немесе басқа да отбасылық шаралар кезінде жақындарынан түскен қаражат салықтық тексеруге негіз болмайды.

Бақылаудың негізгі мақсаты – тауар мен қызмет ақысын жеке банк картасына қабылдап, табысын ресми көрсетпейтін кәсіпкерлерді анықтау. Салық органдары бұл ретте аударым көлемінен бұрын ақша жіберушілер санына назар аударады. Егер бір ай ішінде шотқа 100-ден астам әртүрлі адамнан ақша түсіп, бұл жағдай үш ай қатарынан қайталанса және жалпы сома 1 миллион 20 мың теңгеден асса, мұндай операциялар тексеруге ілігуі мүмкін.

Бір адам күніне бірнеше рет ақша аударған күннің өзінде ол бір ғана жіберуші ретінде есептеледі. Сонымен қатар жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азаматтардың жеке шоттары да қажет болған жағдайда тексерілуі мүмкін.

Ескертуге жауап бермеген жағдайда азаматтарға айыппұл салынуы ықтимал. Оның көлемі төленбеген салықтың 200 пайызына дейін жетуі мүмкін. Ал хабарлама алған азаматтарға жауап беру үшін 30 жұмыс күні беріледі. Осы уақыт ішінде олар аударымдардың жеке мақсатта болғанын дәлелдеуі немесе тиісті салықтарын төлеп, қызметін заңдастыруы қажет.

Егер талап орындалмаса, банк шоттарына шектеу қойылуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove