15 миллион қазақстандықтың деректері тарады деген ақпаратқа министрлік пікір білдірді

15 миллион қазақстандықтың деректері тарады деген ақпаратқа министрлік пікір білдірді
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі 15 миллион қазақстандықтың жеке деректері интернетке тарап кетті деген ақпаратқа қатысты тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомство мамандары тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, желіде жарияланған деректердің үлгілерін зерттеп, олардың қайдан шыққанын анықтауға кіріскен. Министрліктің мәліметінше, тарады делінген ақпараттың бірқатар белгілері электрондық үкімет жүйесінде сақталатын деректерге сәйкес келмейді.

Мәселен, eGov жүйесінде азаматтардың төлқұжат көшірмелері даркнетте көрсетілген форматта сақталмайды. Сондай-ақ электрондық құжаттардың құрылымы да мүлде басқа.

«Қазіргі уақытта электрондық үкімет жүйелерінің бұзылғанын немесе аталған деректер базасының eGov платформасынан алынғанын растайтын дәлелдер жоқ. Даркнеттегі қолданушының бұл база eGov-тен алынған деген мәлімдемесі өздігінен жүйенің бұзылғанын дәлелдей алмайды», – деп хабарлады министрлік.

Қазір техникалық тексеру жалғасып жатыр. Оның қорытындысы шыққаннан кейін қосымша ақпарат беріледі.

Осы жағдайға байланысты министрлік қазақстандықтарға жеке деректерін қорғауға мұқият болуға кеңес берді. Атап айтқанда, SMS арқылы келетін растау кодтарын, парольдер мен ЭЦҚ кілттерін бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерді ашпау және әр сервис үшін бөлек құпиясөз қолдану ұсынылады.

Айта кетейік, бұған дейін даркнетте өзін shymzz13 деп таныстырған қолданушы Қазақстан азаматтарының шамамен 15 миллион жазбасын қамтитын деректер базасын сатуға шығарғанын мәлімдеген еді. Алайда әзірге бұл ақпараттың қайдан алынғаны ресми түрде расталған жоқ.