14 сарбаздың қазасынан кейін Respublica-ның сайлауалды бағдарламасы қайта талқыға түсті

14 сарбаздың қазасынан кейін Respublica-ның сайлауалды бағдарламасы қайта талқыға түсті
ЖИ: Dalanews.kz

Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметкердің қаза табуы қоғамда қызу талқыланған мәселелердің біріне айналды. Осы оқиғадан кейін қоғам белсендісі Мұрат Данияр Respublica партиясының сайлауалды уәделерін еске салып, партия өкілдеріне сұрақ қойды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, партия Құрылтай сайлауы алдындағы бағдарламасында Қазақстан армиясын кезең-кезеңімен толық келісімшарт негізіндегі қызметке көшіруге уәде берген. Алайда Құрылтай жұмысы басталғалы бері бұл мәселе депутаттар тарапынан көтерілмеген.

Мұрат Данияр әлеуметтік желідегі жазбасында партияның сайлауалды бағдарламасында армияны жаңғырту, қорғаныс қабілетін күшейту және келісімшарт негізіндегі әскери қызметті кезең-кезеңімен енгізу туралы нақты тармақтар болғанын атап өтті.

Оның сөзінше, Ақтаудағы қайғылы оқиғадан кейін Құрылтайдың бірнеше отырысы өткеніне қарамастан, Respublica партиясының депутаттары бұл тақырыпқа қатысты ашық мәлімдеме жасаған жоқ.

Сонымен бірге ол партияның қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларына 100 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткенін атап өтті. Алайда бұл мәселе тек материалдық қолдаумен шектелмеуі керек деп есептейді.

«Егер сіз Respublica партиясына дауыс берген болсаңыз, онда олардың сайлауалды уәделерінің орындалуы туралы сұрауға толық моральдық құқығыңыз бар. Ең болмаса берген уәделері жөнінде пікір білдіріп, түсініктеме беруін талап ете аласыз», – дейді ол.

Мұрат Даниярдың айтуынша, өзі бұл партияға дауыс бермегендіктен, қандай да бір талап қоюды дұрыс санамайды. Дегенмен партияны қолдаған азаматтар өздері таңдаған саяси күштен сайлауалды міндеттемелердің орындалуы жөнінде жауап сұрай алады.