14 мың адамды қамтыған «STOP Туберкулез» акциясы қорытындыланды

Dalanews 28 қаз. 2019 14:50 966

Нұр-Сұлтанда 23 қыркүйек пен 23 қазан аралығында өткен  «STOP туберкулез» атты айлық акциясы қорытындыланды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Шара әкімдіктің бастамасымен қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастырғанын айта кетуіміз керек. Акция мүшелері қаладағы халық көп жиналатын орындарды аралап, тексеру жұмыстарын жүргізген. Бұдан басқа шараны ұйымдастырушылар қаладағы сауда орталықтары, базарлар және тұрғын үй алаптарын да аралаған. Негізінен басымдық қала шетіндегі елді мекендерге берілген болатын.

– Біздер осы акция барысында қаладағы емханаларда ашық есік күнін ұйымдастырып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргіздік. Одан бөлек, ЖОО да қамтылды, яғни 4 астаналық оқу орнында флюорографиялық тексеру жұмысы ұйымдастырылды, – деді Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Әлия Рүстемова әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.


Оның айтуынша, туберкулез ауруына қарсы ұйымдастырылған акция 14 мың адамды қамтыған.

– Акция нәтижесінде 75 адамнан туберкулез ауруының оң белгісі бар болып табылды. Арнайы тексерулерден кейін 9 адамнан туберкулез ауруының алғашқы белгісі анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да  жалғасын табады. Жұмыс күндері тексеріле алмайтын азаматтар үшін демалыс күндері тексеру және анықтау шаралары ұйымдастырудамыз, – деді ол. Қалалық фтизиопульмонологиялық орталығының мәліметіне сүйенсек, елордада соңғы 5 жылда аталған ауруға ұшырағандар саны 1,5 есеге қысқарған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар