13 мектепті жөндеу жұмыстары созылып кеткен: Бектенов Алматы мен үш облысты сынға алды

13 мектепті жөндеу жұмыстары созылып кеткен: Бектенов Алматы мен үш облысты сынға алды
Үкіметтің баспасөз қызметі

Әкімдіктер 2026 жылдың соңына дейін тағы 64 мектептің құрылысын аяқтауға тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, 1 қыркүйекте Қазақстанда 47 жаңа мектеп ашылады. Оның 20-сы "Келешек мектептері" жобасы аясында салынып жатыр. Премьер-министр жаңа мектептер оқу жылы басталғанға дейін толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды. 

Олжас Бектеновтің сөзінше, үш ауысымды оқыту мен орын тапшылығын азайту бағытында оң өзгеріс бар. Дегенмен өңірлер жыл соңына дейін тағы 64 мектептің құрылысын аяқтауы керек.

Сонымен қатар, 1 қыркүйекке дейін елдегі 106 мектепте жөндеу жұмыстарын аяқтау қажет.

Премьер-министр бірқатар өңірде 13 мектеп бойынша жөндеу жұмыстарының қарқыны баяу екенін атап өтті. Олардың қатарында Алматы қаласы, Абай, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстары бар.

Ол өңір әкімдеріне мектептердегі жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталуын жеке бақылауға алуды тапсырды.