Боксшы Айдар Шәрібаев Дубайда өткен IBA әлем чемпионатында жүлде алған қазақстандық спортшыларға тиесілі сыйақының әлі төленбегенін мәлімдеді. Ол Қазақстан бокс федерациясы мен Туризм және спорт министрлігінен бұл жағдайға қатысты нақты жауап беруді талап етті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Шәрібаевтың айтуынша, қазақстандық боксшылар аталған әлем чемпионатында үш алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алған. Жарыстың жалпы жүлде қоры 8 миллион доллар болған. Оның есебінше, Қазақстан құрамасының өкілдеріне тиесілі сыйақының жалпы көлемі шамамен 1,2 миллион долларды құрайды.
"Әлем чемпионаты өткелі тоғыз ай болды. Алайда жүлде алған боксшыларымыз әлі бір тиын алмаған. Неге Қазақстан бокс федерациясы спортшыларға тиесілі сыйақыны талап етіп, алып бермей отыр? Бұл қаражаттың не себепті төленбегені белгісіз", - деді ол.
Боксшы IBA ережесі бойынша сыйақының 50 пайызы спортшыға, 25 пайызы бапкерге, қалған 25 пайызы ұлттық федерацияға тиесілі болғанын атап өтті. Осыған байланысты ол федерация өз үлесіне тиетін қаражатты қандай мақсатқа жұмсайтынын да сұрады.
"Сыйақының 25 пайызы федерацияға тиесілі болса, ол ақша қандай бағытқа жұмсалады? Жалпы, қаражат федерацияға аударылды ма? Осы мәселе де ашық айтылуға тиіс", - деді Шәрібаев.
Ол сыйақы төлеудің ұзаққа созылуына байланысты қаражаттың осы уақыт ішінде қалай сақталғаны жөнінде де сұрақ туындайтынын жеткізді. Боксшының сөзінше, миллион долларды жылдық 20 пайыздық мөлшерлемемен депозитке салғанның өзінде ай сайын шамамен 8 миллион теңге табыс түсуі мүмкін.
"Арада тоғыз ай өткенін ескерсек, федерация бұл қаражатты көбейтіп, кейін боксшыларға бергісі келе ме деген де сұрақ туады", – деді ол.
Айдар Шәрібаев 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатындағы сыйақы жүйесін де еске салды. Оның айтуынша, Қазақстан құрамасы сол жарыста жалпыкомандалық есепте Өзбекстаннан кейін екінші орын алған. IBA алтын медаль иелеріне 200 мың доллардан берген, ал сол кездегі Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев федерация атынан әр чемпионға қосымша 100 мың доллардан табыстаған.
"Неліктен бұл үрдіс кейінгі әлем чемпионаттарында жалғаспады? Қаражат таусылды ма, әлде боксшыларды ынталандыру мәселесі кейінгі орынға ысырылды ма?", - деп сұрады спортшы.
Сонымен қатар Шәрібаев Дубайдағы чемпионатта бесінші және алтыншы орын алған боксшыларға IBA тарапынан 10 мың доллардан қолма-қол ақша берілгенін айтты. Оның мәлімдеуінше, федерация өкілдері кейін бұл қаражатты спортшылардан алып қойғаны жөнінде өзіне ақпарат жеткен.
"Жауапты қызметте отырған адамдардың табысы аз емес деп ойлаймын. Боксшылардың маңдай терімен алған 10 мың доллар сыйақысын да қолдарынан алу – өте ұят жағдай. Алайда бұл жөнінде маған жеткен ақпаратқа федерация нақты түсініктеме беруі керек", - деді ол.
Сондай-ақ Шәрібаев Қазақстан бокс федерациясы мен жауапты мемлекеттік органнан көтерілген мәселелерге жедел әрі ашық жауап беруді сұрады.