100 жылқының жоғалуына байланысты іс бойынша ақталып шыққан жылқышы Рахат Сәрсенбайдың бұрынғы жұмыс берушісі Тәжіғали Елеуов алғаш рет пікір білдірді. Кәсіпкер әлеуметтік желіде жариялаған видеосында оқиғаға қатысты өз уәжін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
69 жастағы кәсіпкердің айтуынша, Рахат Сәрсенбай ұзақ жылдар бойы оның шаруашылығында жұмыс істеген. Ол қызмет барысында кейбір кемшіліктерге көз жұмып келгенін, алайда кейін жылқылардың жаппай жоғалуына байланысты мәселе күрделене түскенін жеткізді.
"Мен мал шаруашылығын бастаған кезде Рахатты жұмысқа қабылдадым. Ұзақ жыл бірге еңбек еттік. Бұған дейін бірнеше жылқы жоғалған жағдайлар болды, бірақ оған бола мәселе көтерген жоқпын. Кейін көп көлемде мал жоғалған кезде оқиғаға басқа адамдардың да қатысы анықталды. Солардың бірі малымды сатып жатқан жерінде ұсталып, қазір жазасын өтеп жатыр. Мен өзіме сеніп тапсырылған мал үшін жауапты адамнан есеп сұрауды заңды деп санаймын", - деді кәсіпкер.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде тараған ақпараттардың біржақты беріліп жатқанын айтып, Рахат Сәрсенбайдың толық ақталғаны жөніндегі пікірлермен келіспейтінін жеткізді.
"Қазір кейбір адамдар оны толық ақталды деп көрсетіп, халықтың алдында жәбірленуші бейнесін қалыптастырып жатыр. Меніңше, бұл істің барлық мән-жайы айтылып жатқан жоқ. Осы себепті өз пікірімді білдіруді жөн көрдім", - деді ол.
Тәжіғали Елеуов өзіне қатысты жағымсыз пікірлердің көбейгеніне тоқталып, әлеуметтік желідегі ақпаратқа сын көзбен қарауға шақырды. Оның сөзінше, бұл мәселеге байланысты заңгерлері құқықтық тұрғыда жұмыс жүргізіп жатыр.
"Мен өмір бойы еңбекпен күн көрген адаммын. Блогерлермен жарысып пікір таластыра алмаймын. Бірақ әлеуметтік желідегі жазбалар арқылы менің абыройыма нұқсан келтіріліп жатыр деп есептеймін. Сондықтан бұл мәселемен енді заңгерлер айналысады", - деді кәсіпкер.
Бұған қоса, ол бұрынғы қызметкеріне және оның отбасына талай рет қолдау көрсеткенін айтып, өзіне тағылып жатқан айыптаулармен келіспейтінін жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін 100 жылқының жоғалуына байланысты сотталған Рахат Сәрсенбайдың ісі қайта қаралып, апелляциялық саты оны ақтап шыққан. Осыдан кейін аталған іс қоғамда кеңінен талқылана бастады.