1 миллион теңге, көлік және басқа да сыйлықтар: Абай облысында «Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі өтеді

1 миллион теңге, көлік және басқа да сыйлықтар: Абай облысында «Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі өтеді

5-7 маусым аралығында Абай облысының Ақсуат ауданында «Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі өтеді. Ауқымды мәдени-спорттық шара қатысушыларға өз өнерін көрсетуге, ұлттық спорт түрлерінде бақ сынауға және бағалы сыйлықтарды жеңіп алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Фестиваль аясында түрлі сайыстар мен жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қомақты жүлделер табысталады.

5 маусым күні Ырғызбай ата кесенесі маңында тоғызқұмалақтан турнир өтеді. Жарыс жеңімпазы 1 миллион теңге көлеміндегі бас жүлдені иеленеді. Сонымен қатар, тоғызыншы орынға дейінгі барлық жүлдегерлерге ақшалай сыйақы қарастырылған.

Ұлттық ат спорты түрлерінен өтетін топ бәйге мен аламан бәйге жеңімпаздарына автокөлік беріледі. Екінші орын алған шабандоз 2,5 миллион теңге, үшінші орын иегері 1,5 миллион теңге көлемінде сыйақы алады.

Сондай-ақ облыстың әр ауданынан келген палуандар өгіз палуан және түйе палуан сайыстарында күш сынасады. Бұл жарыстардың да бас жүлдесі – автокөлік. Ал екінші және үшінші орындарға ақшалай сыйлықтар тағайындалған.

«Артық білім – кітапта» атты кітап оқу байқауының жеңімпаздары да автокөлік пен ақшалай сыйлықтарға ие болады.

Фестиваль 7 маусым күні қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін ауқымды гала-концертпен қорытындыланады.