"Қазақтелеком" үш қалаға Smart city жүйесін енгізеді

Dalanews 23 қыр. 2019 07:15 311

 «Қазақтелеком» АҚ өзінің жобаларын жүзеге асыруды жалғастырмақ. Атап айтқанда, осыған дейін Елбасының бастамасымен қолға алынып, бір ізге келтірілген «Smart Aqkol» тақілеттес «Смарт сити» жүйесін Қазақстанның үш бірдей қаласы, яғни Ақтау, Арыс және Түркістан қалаларына енгізбек.

Осы бағытта компания басшылығы Маңғыстау облысында төрт меморандумға қол қойды.

Ақтау қаласында «CIO and Digital Professionals Workplace 2019» деген атаумен өткен ауқымды шараға IT технология саласының айдынында судағы балықтай еркін жүзген ірі компаниялар мен мәйекті мамандар қатысты.  


Еркін форматта өткен конференцияда заманауи технологиялар туралы жан-жақты сөз болды. Спикерлер Қазақстандағы индустриалдық жобалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін жаңаша ойлары мен ұсыныстарымен бөлісті.



 Сондай-ақ қатысушылар оператордың технологиялық базаларын талқылады. Компания өз кезегінде еліміздегі бірден-бір инфрақұрылымдық оператор ретінде кәсіпорындардағы сандық технологияға көшудің тың бағыттарын алға тартты.  



Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбай әкімдік тарапынан мүмкіндігінше қолдау көрсетілетінін айтып, серпінді серіктестіктің мардымды мәуе беретініне сенім білдірді:

– Қазақтелекомның» жетістіктерін түгелдей жіпке түзу мүмкін емес. Мен осы компанияның тарихы басталған уақыттан бері бақылап келемін. 1990 жылдары жаңадан жасақталған компания аяғын тәй-тәй басқаннан бері бәрі көз алдымда.

Сол уақыттың өзінде талшықты-оптикалық байланыс туралы сөз болған еді. Сол бастаманы сынағандар да болды. Дегенмен, осы қиындықтардың бәріне төтеп беріп, жетістіктің төріне шықтыңыз. Болашақта сандық технология қарыштап дами береді. Бұл үдеріс халықтың барлық тобын қамтиды. Осы салада әлі ашылар мүмкіндік көп. Сондықтан келіңіз, бірге жұмыс жасайық. Біз осы бағытта қызмет етуге, жағдай жасауға, көмек көрсетуге дайынбыз, – Нұрдәулет Қилыбай.

Жиында 4 меморандумға қол қойылды.

Осылайша, тізе біріктіріп жұмыс жасауға жол салынды. Тиімді ынтымақтастықтың арқасында қоғамдық орындар мен жолды бақылау жүйесін күшейту, қоғамдық орындардағы wi-fi жүйесінің жұмысын жылдамдату, жағдаят орталықтарын салу, талшықты-оптикалық байланыс желілері мен LPWAN тораптарын құру, экологиялық мониторинг жүргізу, жедел жәрдемнің диспетчерлік қызметін автоматтандыру, Big Data технологияларын түзу, мұнай компанияларының жұмысын оңтайландыру мүмкін болмақ.

Ал компанияның жаңа өнімдерді дамыту департаментінің директоры қолға алынған жобалар туралы Dalanews.kz-ке толық айтып берді:



Самат Имбаев, «ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» АҚ КБД Жаңа өнімдерді дамыту департаментінің директоры:

«Компания кәсіпорындарда сымсыз технология түріндегі дайын инфрақұрылымды ұсынады. Атап айтар болсақ, LORA базалық стансасы, индустриалды қауіпсіздікті қамтамасыз ететін  «ақылды каскалар», түтін белгісін беру құралдары, радиациялық сигналдарды бақылау және өлшеу функциялары. Сонымен бірге телеком оператордың серіктестерімен бірлесе жүк көліктерінің жұмысын бақылауға арналған мобильді АТС құруға мүмкіндігі бар.

Жалпы, әр өңірдің, әр қаланың ерекшеліктері, өзіндік олқы тұстары мен түйткілді мәселелері бар. Мысалы Түркістан облысы қайта жаңғырып келе жатқан жаңа облыс, қала енді өркендей бастады. Киелі өңірдің туристік әлеуетін дамыту – маңызды міндеттердің бірі.


Сондықтан Түркістан қаласына туристер келген кезде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоғамдық орындарда бейнебақылау жүйелерін жетілдіргіміз келеді, — дей келе, ойын әрі қарай тізбектеді:  

«Аналитикалық тәсілдер негізінде қылмыстық әрекеттердің алдын алуға болады. Қала өсіп келе жатқандықтан, аймақты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету міндеттері де бар. Өздеріңіз білесіздер, қолжетімді интернет жай ғана ойындар үшін емес, көптеген салаларды дамытуға арналған мүмкіндік. Біз осы мүмкіндіктердің аясын кеңейтпекпіз.

Өңірдегі мектептерге қолжетімді wi-fi интернет желілерімен қамтамасыз етуді жоспарлаймыз. Жалпы «Смарт сити» жобасын да жүйелі түрде қараймыз. Бұл жоба бір-екі элементті қамтымайды, бейнебақылау, цифрландыру, wi-fi, сондай-ақ әр қаланың даму үрдісіне байланысты интеллектуалды шешімдерді қамтиды».

Конференцияда қаузалып, айрықша тоқталған тақырыптардың бірі - «Ақылды қала» жобасы. Тарқата кетелік, бұл – жаһан елдерінде кең таралған, әлемнің өркениетті қалаларында біріздендірілген жұлынды жобалардың санатынан.

 «Смарт сити» технологиялары енгілізген әлемнің маңдайалды қалаларында электр энергиясы барынша үнемделіп, тұрғындардың қауіпсіздігі жан-жақты қолға алынған. Жол-көлік оқиғалары азайып, қылмыстардың саны күрт кеміген. Инфрақұрылым жүйелерінің жетіктігі байқалып, бір сөзбен халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсарғаны анықталған.  Арнайы орнатылған бергіштер (ор.-датчик. ред) жинаған мәліметтердің негізінде орталыққа қай салада ақау бар екендігі, қай аймақта олқылықтар орын алғаны белгілі болады. Алынған ақпараттар сараланып, сарапталып, мәселені шешудің тиімді жолдары ұсынылады.

Қысқа уақытта көл-көсір нәтижелер. 



«Смарт сити» жобасы аз уақытта үлкен нәтижелер береді. Мәселен Қазақстандағы алғашқы смарт қалалардың бірі – 14 000 тұрғыны бар  Ақкөл қаласында электр энергиясының 40 пайызға дейін үнемделгені дәлелденді. Сонымен бірге тұрғын үй-коммуналдық саласында оң өзгерістер орын алып, қауіпсіздік мәселесі жолға қойылды. Ал  Арыс қаласында экологиялық ахуал қадағаланып, қаланың ішкі тұрақтылығы қамтамасыз етілді:

«Арыс қаласында қайғылы оқиғадан кейін екі мәселе тұрды: біріншіден, қаланы қайта қалпына келтіру, екіншіден үрейленген тұрғындарды қалаға қайтару болды.


Құрылыс жүйесін қадағалау үшін үлкен биіктікте камералар орнатып, қала өңінің өзгеруін қадағаладық, қайтадан өмір біткенін байқадық.

Арыстағы радиацияның мөлшері шамадан тыс,-деген сыбыстарға нүкте қойдық. Себебі, «Ақылды қала» жобасының бір бағыты – экологиялық мониторинг болып табылады. Бұл бойынша елдімекендегі зиянды ауа мөлшерін дәл анықтауға болады. Арыс қаласында радиацияның ешқандай да шамадан аспайтындығын көрсетіп, тұрғындардың көзін жеткіздік. Яғни болжамдар мен жорамалдардың немесе сарапшылар пікірінің негізінде емес, нақты математикалық дәлдік пен  датчиктердің көрсеткішінің негізінде көз жеткіздік»,-деді Самат Имбаев.



Маңғыстау облысы бойынша биыл 2,5 шақырымдық талшықты-оптикалық желі тартылмақ.  Бұл – шалғай ауылдарға интернет тарту жобасының бір бөлігі болатын. Осылайша, цифрландыру міндеттерінің мардымды бөлігі іске асырылмақ.

Сондай-ақ өткен жылы «Қазақтелеком» тарапынан LORA технологиясының пилоттық жобасы енгізілген болатын.

Меморандум аясында осы бастама қадағаланады. Мұнай кәсіпшілігіндегі технологиялардың жаңартылуы, жаңғыртылуы, заманауиландырылуы – осы меморандумның шеңберінде жүзеге асырылады. Нәтижесінде шығындарды азайтып, өнімділікті арттыру басты назарда болмақ. Бұл өз кезегінде тек экономикалық тұрғыдан тиімді болып қоймай, экологиялық ахуалдың тұрақтылығына кепілдік береді.  

Жаңа технология жаңа мамандарды қажет етеді. Технологиялық дамумен бірге мамандардың кәсіби біліктілігі қатар жүруі тиіс.



Сондықтан оларды даярлау бойынша «Қазақтелеком»  АҚ барынша атсалысып,  жан-жақты жұмыс жүргізуге дайын. Өзіндегі бар білімді тұтынушылармен  бөлісуге әзір. Компания сырт сарапшылардың қосар ақылына да ашық екенін білдірді. «Смарт қаланы» салу – тек әкімдіктің емес, сондай-ақ IT саласындағы компаниялардың тарапынан белсенділікті қажет етеді. Осы себепті телеком оператор жергілікті IT компаниялармен бірлесе отырып, салмақты шешімдер қабылдау, тиянақты нәтижелерге қолжеткізуді мұрат тұтқан.

Ал «Смарт қала» жүйесі –  тұшымды бизнес жобаларды жүзеге асыруға зор мүмкіндік екендігі түсінікті.



 «Ақылды қала» жүйесі – елдімекеннің туристік тынысын аша түспек. Туризмнің дамуы – жекелеген және ірі кәсіптік нысандардың іргесі нығайып, кемелденуіне жол ашпақ. «Ақылды қалаға» салынған қаражаттың әр тиыны ақталып, аз уақытта орасан пайда әкеледі,-дейді мамандар. 

Сондықтан «Қазақтелеком» компаниясының бұл жобасы – дер кезінде жасалған дұрыс қадам, барлығы үшін тиімді батыл бастама болмақ.

Айсара АЙТМАН,


Dalanews-тің Ақтаудағы тілшісі 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x