Шаханов білікті дәрігерлердің арқасында індеттен айығып, шаңырағына оралды

Dalanews 24 шіл. 2020 06:16 259

«Жалын» журналының бас директорының орынбасары Құдияр Біләл ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы таяуда ғана ауруханадан шыққан Мұхтар Шахановтың жағдайы туралы айтып берді. Осы айда 78 жасқа толған ақын қазір үйінде ем алып жатыр, – деп хабарлады ҚазАқпарат .

– 2 шілде күні – Мұхтар ағамыздың туған күні. Жылда редакция қызметкерлері ағамыздың туған күнін атап өтіп, шай ішетініміз бар. Биыл да сол дәстүр бойынша дастархан басына жиналғанбыз. Бірақ Мұқаңның мазасы болмай отырды. Әкімдіктен де құттықтау келген болатын. Оларға да көңіл ауанын білдіре қоймай, жалпы мазасыз отырды. Жеңгеміз де екі күннен бері осы күйде жүргенін айтты. Ауырып отырғанын білдік. Бірақ жай тұмау деп ойлағанбыз, – деген Құдияр Біләл сол күні кешкісін жедел жәрдем шақырылғанын айтады.

Ауруханаға жеткізілгеннен кейін дәрігерлер Мұхтар Шахановтың өкпесінің қабынғанын анықтаған. Сөйтіп «Қалқамандағы» ауруханаға алып кетті. Бізде ішке кіргізбеді. Хабарласып тұрдық. Бірақ емдеу процесіне көңілі толмайтынын аңғартып, ауруханадан шығамын деп мазасыздық білдіре бастады.


Жалпы Мұқаң мінезді адам ғой. Тіке айтады. Десе де дәрігерлермен сөйлесіп, оның ауруханадан шығуына мүмкіндік бермедік. Бірақ күндер өте келе Мұқаңның дауысы бәсеңдеп, емдеуші дәрігерлер оның тамақ ішпейтінін айтты.

Көңіліне жақпаған бір нәрсе болды ма, жоқ басқа ма – әйтеу емдеу оң нәтиже берген жоқ. «Шығарыңдар» дегенді айта береді. Осы жағдайға байланысты мемлекеттік тұрғыда қамқорлыққа алу туралы Президентке ашық хат жаздым, – дейді ол.

Құдияр Біләл сол хаттан Президент құлағдар болды деп ойлайтынын жеткізді. «Содан ағамыз ауруханадан өз бетінше шығып кетті. Бізге айтылмайды ғой. Екі күн үйде емделгеннен кейін жоғары деңгейдегі қамқорлыққа алынып, Мұқаңды инфекциялық ауруханаға алып кетті. Сол жақта ем қабылдай бастады.

Хабарлассақ әзілдеп «күніне елу укол салады» дейді. Ем қалыпты жүріп жатыр деп, көңілі орныққан секілді. Сол жерге барғаннан кейін бірден беті бері қарай бастады.

Барып сырттай тілдесіп жүрдік. Қасындағы кісілермен де, дәрігерлермен де сөйлесіп тұрдық. Тәртіп қатаң екен. Дәрігерлердің киім киісі, тәртіп, емдеу шараларын бәрін сырттай бақылап, ондағы жұмыстар мемлекеттік тұрғыда жасалған үлкен іс-шара екенін сезінесің. Көресің. Үлкен жұмыс жасалып жатқанын ұғасың. Ол жердегі қамқорлықтың да, мүмкіндіктің де жоғары екенін білдік, – дейді Құдияр Біләл.


Құдияр Біләл ауруханада жатқан басқа да адамдардың терезе арқылы тілдесіп, жағдайын сұрапты. «Бәрі де ризашылығын білдіріп, қуанып, шығамыз деп жатты. Барғаннан кейін журналист болғаннан кейін біліп қалайын деп жатырмын ғой баяғы. Мұқаң да сол қамқорлықтың арқасында аман-есен үйіне оралды. Қазір ағамызға «жата бересіз бе, жұмысқа қашан шығасыз» деп әзілдейміз. Әзірше үйінде ем қабылдап жатыр. Дүйсенбіде редакцияға бір келіп кетеді», – деп түйді Құдияр Біләл.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x