Айк ХАЛАТЯН: Біз - ресейшіл елміз!..

Dalanews 02 шіл. 2015 23:41 302

Арменияда алаңға шыққан халық неге наразылық танытты?

Осы уақытқа дейін бұл мәселеге қатысты түрлі пікір айтылды. Қазақстанның өз ішінде түрлі топшылау жасалды. Алайда, алыста отырған біз бұған қандай баға берсек те, Арменияның өз ішінде өмір сүретін адамның айтқанындай болмайды.

«Қала мен Дала» газетіне сұхбат берген аталған елдің танымал журналисі, саяси сарапшы Айк ХАЛАТЯН Армениядағы халық наразылығының қайдан шыққанын, оның қайда алып баратынын айтып, «бұл оқиғаларды Украинадағы Майданмен салыстыруға болмайды» деді.

 Армения– Бәрі неден басталды? Халық неге алаңға шығып кетті?

– «Армения электр жүйелері» – бұл біздің елдегі монополист компания. Иесі ресейлік «Интер РАО» компаниясы. Арменияда бір өзі электр қуатын үлестірумен айналысады.  Экономикалық мәселесін сылтауратқан бұлар  тарифты 40 пайызға көтеруді ұсынған, әуелде. Бірақ, бізде Қоғамдық қызметті реттейтін комиссия бар. Осы комиссия бағаны «бар болғаны» 17 пайызға көтеру керек деген шешім шығарады.

Наразылық осыдан басталды. Неге? Себебі, армян халқы қымбатшылықтан шаршады. Армениядағы электр қуатының бағасы ТМД-ның барлық елінен асып түседі. Қымбат. Удай қымбат. Соған қарамай энергияны артығымен өндіреміз.

Халық соқыр емес, компанияның қарызға батуы оның экономикалық мәселесіне түк қатысы жоқтығын, мұның бәрі тиімсіз менеджмент пен коррупцияның кесірі екенін біліп отыр.

Соңғы жылдары электр қуатының бағасы бірнеше рет өсті.  «Желілер ескірген, жаңа желілерге инвестиция құю керек» дейді. Өздері (жаңағы компания басшыларын айтамын) қымбат лимузинмен жүреді, зәулім коттедждерде тұрады. Ендеше, неге өздерінің есебінен үнемдемейді? Халықтың алаңға шыққандағы мақсаты осы еді. Компанияның жұмыс жүргізудегі салақтығы мен менеджменттегі қателігі үшін ешкім өз қалтасынан қаржы төлегісі келген жоқ.

–  Полиция мен халық қақтығысыпты деп естідік...

– Кінә, халықта емес. 17 маусымда комиссия бағаны көтеру туралы шешім шығарды. 19 маусымда бұған наразы топ Еревандағы «Еркіндік» алаңына жиналды. Басым бөлігі жастар. Бұл сауатты, өз мақсатын білген шеру болатын.  Алаңға жиналған жұрт үш күннен кейін Баграмян даңғылындағы Президент әкімшілігінің алдында наразылық акциясын ұйымдастыратынын айтты. Барлығын полиция бүлдірді.  23 маусымда даңғылды «тазартып», сол жерде түнеп қалған 500 адамды тырқыратып қуып шықты. Халықтың ызасына тиген осы жайт. Кешқұрым Баграмян даңғылына 10 мыңнан аса адам жиналды.

Армения Президенті ешқайда қашып кеткен жоқ. Білуімше, кейбір басылымдар осылай хабарлап жатыр. Халықпен тіл табысуға тырысты.

Бір жағынан шеруге шыққандардың арасында топбасшылар болған жоқ. Иә, ұйымдастырушылық кеңес болды. Бірақ, елдің бәрі солардың шешіміне бағынды деп айтуға болмайды.

Тағы бір жайт: шеруге шыққандар тек электр қуатын көтеру туралы шешімнің күшін жоюды талап етті. Мұның саясатқа еш қатысы жоқ.

– Неге?

– Неге десеңіз, армян қоғамы оппозициядан қатты көңілі қалған. Иә, мұны қолайына пайдаланғысы келгені саяси күштер болған да шығар. Ел бұл іске олардың араласуына жол берген жоқ, бірақ.

– Армениядағы оқиғаларды ресейлік ақпарат құралдары өте жіті бақылады. «Бұл кезекті Майдан, АҚШ Арменияға ауыз салды» деген әңгімелер айтылды. Бұған негіз бар ма?

– Негізінде отқа май құйған ресейлік БАҚ-тың өзі. Бұл Майдан емес. Шерудің антиресейлік  сипаты жоқ.

Иә, халық «Армения электр жүйелеріне» иелік ететін ресейлік «Интер РАО» компаниясы мұндай жағдайда үнсіздік танытқанына наразылығын білдірді. Осы тұрғыда Ресейге көңіл толмаушылық болған да шығар. Дегенмен, бұл шеру батысшыл, антиресейшіл бағытта болды деу қисынсыз.

Қазір шеруге шыққандардың өзі тығырықта тұр. Әу баста радикалды әрекеттер болмайды деген шерудің арты қақтығысқа ұласты. Бір жағынан билік те өз дегенінде тұратынын айтты. «Баға  өседі, өйтпесек Арменияның энерго жүйесіне кесірі тиеді» дейді.

Жеңілдікке де барып отыр. Электр қуаты қымбаттаған жағдайда, елдегі әлеуметтік жәрдемақы алатын 100 мыңнан аса отбасының жәрдемақысы өсетін болады.

Алайда, халық та аңқау емес. Мұның арты неге ұласарын біліп отыр.

Электр қуаты қымбаттаған соң, басқа да қызмет түрлерінің құны өседі.

Президент мынадай ұсыныс айтты. «Армения электр жүйелерін» халықаралық аудиттен өткізу аяқталғанша 17 пайызға көтерілген электр қуатын мемлекеттің өзі төлейтінін айтты.

4d22af30e60abaaa4635886a493b49fd_XL– Ал халық не дейді?

– Әрине, бұған халықтың көңілі толған жоқ. «Билік өз қалтасынан төлемейтіні анық. Бюджеттің есебінен төлейді. Бұл халықтың ақшасы» деп отыр.

Қазір шеру сәл саябырлады. Бір қызығы, оны «қайта оталдырғысы» келетін саяси күштер пайда болып жатыр.

Ресейлік басылымдардың тынар түрі жоқ.  Халық бұл жағдайға Майдан деп баға берген Ресейдің ақпарат құралдарына ашулы.

– Неге бұлай?

– Ресейде кез келген наразылықты, шеруді түрлі-түсті революция, төңкеріс жасаудың амалы деп қарайды. ТМД-ның кез-келген еліндегі наразылықтың антиресейлік сипаты бар деп ойлайды.

Негізінде посткеңестік кеңістікті, оның ішінде Арменияның саяси жүйесі мен саяси дәстүрін бүге-шігесіне дейін білетін маман аз. Бізде мұндай акциялар үнемі өтіп тұрады және бұған түрлі жайт түрткі болады.

Біздің саяси жүйе әлдеқайда либералды. Ресеймен салыстырғанда... ТМД кеңістігінде сөз бостандығы жағынан алдыңғы орындамыз.

Мұндай акцияның маңызы неде? Халық сайлау арқылы өзінің мұң-мұқтажын билікке жеткізе алмасын баяғыда-ақ ұғынған.

Киевтегі Майданға дейін бізде жол ақысын 50 пайызға көтеруге, зейнетақы жүйесін реформалауға наразылық танытқан акциялар өтті.

Халық сөзін өткізді. Билік жол ақысын 50 пайызға көтерем деген ойынан айныды. Зейнетақы реформасына қатысты шешімдерін қайта қарады.

– Жалпы, Арменияны Украинамен салыстыруға бола ма?..

– Армения Украина емес. Тәуелсіздік алған 24 жылда наразылық танытқандардың билікті төңкерген кезі болған емес. Сосын Арменияның билік тобында немесе элитасында Украинадағыдай бөлініс болған жоқ. Өзгерісті талап еткен, батысшыл, антиресейшіл Батыс Украина сияқты аймағымыз да жоқ.

Иә, Арменияға қатысты өз саясатын жүргізгісі келетін ойыншылар бар. Арменияда батысшыл да, ресейшіл де топтар бар. Бірақ, олар ақымақ емес.  Наразылықты өз мүддесіне пайдаланам деген әрекетінен түк шықпасын біледі.

Бір нәрсені айтайын. Шеруге шыққандардың саны 10 мыңнан асқанда да батысшыл топтар халықтың арасына кіріп, өз насихатын жүргізуге қорықты. Себебі, мұндай жағдайда шеруге шыққандар екіге жарылар еді.
Өзіңіз ойлаңыз: әлемдегі ең үлкен армян қауымдастығы Ресейде тұрады. Ресейде ресми тіркелген 1 млн армян бар. Тіркелмегеннің санын есепке алсақ 2 млн-нан асады. Бұлардың барлығы Ресейден нәпақа тауып жүр. Тапқан-таянғанын елдегі ата-анасына, бауырларына жібереді. Ендеше, олардың Ресейге қарсы шығатын қандай жөні бар?

– Сөзіңізге қарағанда, Ресейді ерекше жақсы көретін сияқтысыз?...

– Мойындаймыз, біз ресейшіл елміз. Батыстағы әлеуметтік сауалнамаларға сенсек, армениялықтардың 60 пайызы елдің Еуразиялық одаққа қосылуын қолдаған. Яғни, Ресеймен одақтасуды. Бірақ, бізде бұдан басқа амал бар ма?

Өзіңіз ойлаңыз: әлемдегі ең үлкен армян қауымдастығы Ресейде тұрады. Ресейде ресми тіркелген 1 млн армян бар. Тіркелмегеннің санын есепке алсақ 2 млн-нан асады. Бұлардың барлығы Ресейден нәпақа тауып жүр. Тапқан-таянғанын елдегі ата-анасына, бауырларына жібереді. Ендеше, олардың Ресейге қарсы шығатын қандай жөні бар?

Ресей біздің қауіпсіздімізге кепілдік беріп отыр. Армяндар ақылды. Сол себепті батысшыл топтар қазіргі жағдайда антиресейлік үндеулердің нәтижесі шамалы боларын түсінеді. Батыс, АҚШ біздің қауіпсіздікке кепілдік бере алмайды, өйткені.

Қарабах аймағы бар. Бұған қоса Әзірбайжан және Түркиямен қақтығыс қаупі сейілмей тұрғанда бізге Ресеймен одақтасудан басқа амал жоқ. Бірақ, болашақта жағдай өзгеруі мүмкін.

Армениядағы газ, электр қуатын үлестіретін ірі ресейлік монополист компаниялар елдің мүддесімен санаспайды. Айталық, «Газпром Армения». Батысшыл топтар мұны пайдасына қолдануы мүмкін.

Ресейлік журналистерге айтарым, бұл ешқандай да Майдан немесе түрлі-түсті революция емес және бұған АҚШ-тың, сіздерше айтқанда, «госдептің» еш қатысы жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Думан БЫҚАЙ


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x