«Жаңа Қазақстан» құру бірдің емес, бірлігі күшті елдің ісі

Dalanews 13 нау. 2022 06:37 207

«Жауға қарсы жүздеген мың қол әскерден, төрт газеттің ойсырата соққы беру мүмкіндігі зор» дегенді даңқты қолбасшы Наполеон Бонапарт тегін айтпаса керек.  БАҚ – беделі зор күш. Сондықтан бүгінде бізге ақпараттық қауіпсіздігімізді сақтау және қорғау басты міндеттердің бірі. Жақында ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин қазақтілді сайттардың бас редакторларымен кездесіп, ақпарат саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікірлесті. Кездесу соңында күн тәртібіндегі кейбір сауалдарға жауап берді.  

 

Билік ашық саясат ұстануда


«Қаңтар оқиғасы» бейбіт шеруден бастау алды. Оның өрбу кезеңін негізгі үш толқынға бөліп қарастырған жөн. Әрі бұлардың аражігін ажыратып айту маңызды.

Сол күндері Ақтаудағы алаңның өзіне жиырма мыңдай азамат жиналды. Бұл кезде құзырлы органдар мен қарапайым халық арасында ешқандай қақтығыс орын алмады. Шерудің бірінші толқыны шиеленіссіз өтті. Алматыда да, Шымкент пен Талдықорғанда да алаңға шыққандар бейбіт жайдайда өз талаптарын қоймақ болды. Тек көпшіліктің осы ойын әртүрлі маргиналды топтар бұзды. Олардың арасына саяси экстремистер де бар еді.

Осылайша екінші толқында түрлі қақтығысқа жол берілді. Арандатушылар араға кірді. Үшінші толқын кезінде шерушілер қатарына криминалды топтар мен радикалды топ өкілдері қосылып кетті. Бұл кезде кімнің бейбіт шеруші, кімнің бүлікті екенін ажырату мүмкін болмай кетті. 


Соның кесірінен ғимараттар өртелді, әскери және полиция қызметкерлерімен қақтығыс үдеді. Артынша мемлекеттік және құқық қорғау мекемелеріне шабуыл жасалып, дүкендерді тонау белең алды. Міне, қаңтар оқиғасы кезінде байқалған үш толқын осы. Егер билік тарапынан нақты, шешуші қадамдар жасалмағанда қақтығыстың төртінші және бесінші толқыны да орын алуы мүмкін еді. Жағдайдың дер кезінде реттелуіне Мемлекет басшысынан бастап, барлық құзырлы орындардың ақпаратты жедел, түсінікті, жан-жақты таратуы ықпалын тигізді.

Көзіқарақты азаматтар бірінші күннен оқиғаға қатысты маңызды ақпараттың үнемі беріліп отырғанын байқаған болар. Мемлекет басшысы да алғашқы сәттен бастап жиі үндеу жасап, сұхбат берді. Бұл үрдісті Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі үздіксіз жалғастырып келеді. Құзырлы орын өкілдері халықтың көкейіндегі сауалдарға толыққанды жауап беріп, тергеу барысы туралы, жаңадан пайда болған ақпараттар бойынша дер кезінде түсініктеме жолдауда. Яғни, мемлекеттік құрылымдардың бұрынғы ақпараттық жүйесі мен бұл жолғы ақпарат таратуында үлкен айырмашылық бар.

 

Таразы басында Тәуелсіздік


Қазір «Қаңтар оқиғасы» туралы айтқанда террор, террорист деген сөздер қатар айтылады. Жалпы халықтың террористке қатысты түсінігі қызық. Бізде содыр десе көз алдына қару асынып, автомат ұстаған адам елестейді. Шын мәнінде жағдай басқаша. Алысқа бармай-ақ 2016 жылы Ақтөбеде орын алған қайғылы оқиғаны мысалға алайық. Сол кезде 25 адам бүкіл елді басына көтерген еді. Осы тұста да халық «біздің бейбіт елімізде жүрген бұл қандай террористер?» деп таңданған. Себебі Ақтөбеде теракт жасаған азаматтар нақты бір ұйымның мүшесі емес еді.

Шағын қаланы астаң-кестең етіп, бүкіл елдің тыныштығын кетірген сол оқиға да қарапайым басқосудан басталған. Бәрі бірге отырып Сириядан келген аудионы тыңдайды. Аудиодағы үндеудің мақсаты – жиһадқа шақыру. Солайша, жігіттер бір-бірін қамшылап ессіз әрекетке барады. Соңы жаңағыдай бассыздыққа ұласып, біразының өмірі түбегейлі өзгеріп шыға келді. Осы оқиғаға да теракт деп баға бердік. Ендеше, неге дәл осындай сценариймен өткен Алматыдағы оқиғаларды теракт демейміз? Бұл таласатын мәселе ме?

Кейбір азаматтар терракт болса, оны қайсы ұйым ұйымдастырған деген сауалды көлденең тартады. Шындығында Ақтөбедегі және 2011-12 жылдары орын алған басқа оқиғаларда да нақты бір ұйымның өкілдері болмады. Азаматтар көбіне белгілі бір ұйымның құрамында болмаса да, жиһад мәселесін талқылайды. Біздегі радикализмнің ерекшелігі осында. Елдің түсінбейтіні де сондықтан.


Әртүрлі ұйым өкілдерінің бірігуінің екі жағы бар. Бірінші тұсы – бәрінің басын біріктіретін нақты ұйым жоқ. Мемлекет әлі күнге дейін ұйымның құрылуына жол бермей, күрес жүргізіп келеді. Ал екінші жағы шашыраңқы болғанымен, ойы бұзық азаматтар автономды түрде, кездейсоқ осындай қадамдарға бара салады. Сол күндері мемлекеттік билік органдарының ғимараттарына, полицияға, стратегиялық және әлеуметтік нысандарға шабуылдарды көрдік. Заң бойынша  бұл терроризм актісі болып есептеледі. Міне, қаңтар оқиғасы бізге соны айқын дәлелдеп тұр.



 

Терроризм, радикализм қоғамдағы түрлі әлеуметтік дерттің белгісі


Қаңтар оқиғасы терроризм мәселесіне атүсті қарауға болмайтынын тағы бір дәлелдеді. Қазіргі кезде тергеу ісі қақтығысқа араласқан радикалды ұйымдардың байланысын тексеруде. Бұл күндері таразы басында біздің тәуелсіздігіміз бен мемлекеттілігіміз тұрды.

Қазір тергеудің қалай жүріп жатқанына, нәтижесіне алаңдап, құлақ түріп отырған жан көп. Ең бірінші тергеу шаралары толық аяқталуы тиіс. Сол бойынша терроризммен күресу жолдары және басқа да амалдары қайта қаралады. Әрине, біз қазір «терроризммен, радикализммен күресте қандай жаңа тәсілдерді ескеруге тиіспіз, нені назарда ұстауға міндеттіміз?» деген сұрақтарға жауап іздеп, шара қабылдап жатырмыз.

Сонымен бірге  радикализм мен терроризмге апаратын факторлармен күресудің алғышарттарын анықтау да күн тәртібінде тұр. Шын мәнінде, терроризм, радикализм ол қоғамдағы әлеуметтік дерттің белгісі ғана. Ал сол дертке, әлеуметтік кеселге алғышарт болып отырған факторларды анықтау көптеген түйткілді шешуге көмектеседі.

 «Жаңа Қазақстанда» жабық құрылым болмауы керек


          «Жаңа Қазақстан» құру бірдің емес, бірлігі күшті елдің ғана қолынан келеді. Сондықтан туған жеріміздің түтінінің түзу шығып, ел іші даудан, сырты жаудан аман болуы әрқайсымызға байланысты. Мемлекетті өзгерту өз қолымызда.

Рас, биліктің әр саласында жүрген әріптестердің жабық форматта жұмыс істеп үйреніп қалғаны жасырын емес. Елмен тікелей жүздесуден, сауалдарға төтесінен жауап беруден жасқанатындар аз емес.


Дегенмен Президенттің өзі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы арқылы мемлекеттік қызметкерлердің халыққа жақындауына, ашық диалогтың орнауына мүдделі болып отыр. Сондықтан, алдағы уақытта барлық жауапты тұлғалар жұртшылықпен ашық пікірлесіп, кері байланыс орнатуға бейімделуі керек.

Жолдау – жолбасшымыз


Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауын халық асыға күтеді. Дәстүрлі сипат алған бұл құжаттың ел өмірін оң бағытқа өзгертеріне көпшілік сенеді. Биылғы Жолдауда «Қаңтар оқиғасы» кезінде халық айтқан, ұсынған мәселелер назарда ұсталады деп ойлаймын.  Өйткені бұл Жолдау кабинетте отырып әзірленіп жатқан жоқ. Барлық мәселе қоғамдық талқылау арқылы пысықталуда. Бір ай бұрын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мәжілісі өтті. Онда айтылған маңызды пікір, ұсыныстар Президент назарында. Яғни, Жолдау ел ішіндегі көкейкесті мәселелердің түйінін тарқатары анық.

Нұрлан ЖҰМАХАН

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x