Дулат аға, коммунистердің қандастардан қай жері артық?

Dalanews 21 ақп. 2019 04:34 282

Бұдан біраз бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен Дулат Исабеков «Шетелдегі қандастардың бәсекеге қабілеттілерін әкелейік» деген еді.

 

Кім жаман?


О баста қазақтың қабырғалы жазушысының бұлай дегене сене алмадық. Біз білетін Дүкең бұлай демесе керек еді.  Тәуелсіздік жылдары «әлемге тарыдай шашылған қазақтарды елге шақырған Израильден кейінгі ел – Қазақстан» деп мақтанғанымызда көкірегімізге нан пісердей болушы еді. Енді кім жаман? Оралман жаман болып қалыпты. Мұндай үрдіске тез арада тосқауыл қоюымыз керек.

Жарайды, Дүкең айтқандай шеттегі қазақтардың арасынан бәсекеге қабілетті аузымен құс тістеген, техниканың тілін білетін (әдебиет пен мәдениетті ескепке алмағанда) ең таңдаулы мамандарды елге әкелейік. Сонда олар Қазақстанда не істейді? Арамызда жүрген білікті оралмандарға мамандығына сай жұмыс тауып бере алмай отырғанда, оларды елге әкеліп, интеллектулальді жұмыссыздардың санын көбейтіп, қайтеміз? Біздіңше, Дүкең ойлағандай техниканың тілін білетін, бәскекегі қабілетті қандастарымыз Қазақстанға келмейді.

Олар өзінің қадірін білетін, мамандығына сай жұмыс беретін Америка мен Еуропа елдеріне барғанды жөн санайды (әрине, бұл үшін оларды кінәлауға болмайды). Инновациялық экономиканы құр сөзбен құрған Қазақстанды қайтсін, олар. Осы жағын ойлаған жан бар ма?

Айталық, Моңғолияда Парламент Төрағасының орынбасары, Үкімет төрағасының орынбасары болған Зардыхан Қинаятұлы ағамыз елге келгенде сол кісінің тәжірибесін біздің Үкімет қажетсінді ме? Жоқ. Ағамыз елге келген соң, өткен тарихымызды зерттеп, Этнология және тарих институтында қатардығы ғылыми қызметкер болып, дүниеден өтті.

Ең дұрысы бізге қолынан іс келетін қарапайым оралмандарды елге тартқан жөн. Елбасының әлгі «Еңбек қоғамына 100 қадам» бағдарламасын іске асыруға солар икемді. Ал елдегі қазақтардың пара алып, той тойлап, би билеуден қолы босаған жоқ.

 

Білесіз бе?


Есімізге осыдан 4-5 жыл болған  оқиға түсіп отыр. Біздің Алматы облысы, Панфилов ауданына қарасты ауылымызға бір оралман отбасын ауыл әкімі көшіріп әкелді. Әкімнің мақсаты оралмандарды ауылымызға жерсіндіру емес, өзінің пайға алған жеріне жұмыс істетіп (әрине ақысын беріп), шаруашылығындағы жұмысын жүйелеу болған-ды.

Әкім жерінің қасынан сырттан келген қандасымызға шағын жер беріп, соған көкөніс өсіруін және өзінің егін-жайын қатар қарауды тапсырды. Қытайдан келген қандасымыз отбасымен ала жаздай бел жазбай еңбек етті. Ел қыдырып, уақытын босқа өткізген кезін көрмедік. Тынымсыз еңбегінің арқасында әкімге де, өзіне де көл-көсір пайда келтіргенін біздің ауылдың әйелдері жыр қылып айтқаны есімде.

Жаз шыққанда қызанақ, қиярын есек арбаға салып, ауыл үйді аралап сатып біраз пайда тапты. Олардың бұл әрекетін жеңешелеріміз сынап та тастады. Кейбір шайпау мінезді жеңешелеріміз адал еңбегімен мал тапқан қандастарымызды «пайдакүнем», «пысық» деп сөгіп тастағаны есімде. Бірақ оралмандарды күндеген сол жеңшелеріміз «көкөнісі Жәркенттегі ұйғырлардікіне қарағанда арзан екен» дегенде не жыларымызды, не күлерімізді білмеген едік.

Егер сол шайпау мінезді жеңешелеріміз қатар шәйлары (черный касса) мен өсек-әңгімелерін қысқартып, бір мезгіл есік алдынғы топырағы тозаң болып жатқан ат шаптырым жеріне қызанақ пен қияр ексе, қыс бойы азық қылатын ас-көгін өздері-ақ қамдап алар еді. Бірақ еңбекке қыры жоқ жеңшелеріміз (әрине бәрі жалқау деп айтуға болмас) мұндай механат-тірлікпен айналысқанша, балаларының Алматыда қара жұмыс істеп тауып келген азын-аулақ ақшасына дайын көк-шөпті сатып алғанды жөн санады. Мамыражай жаз да аяқталып, күз келді. Енді жеңшелеріміз ауыл шетінде әкімнің жерінің басында отырған оралман отбасын мүсіркей бастады.

– Күн сутып, қыс болса таяп қалды. Оралмандардың басында баспана жоқ. Жаз бойы көк-шөп сатқанша, бастарына баспана тұрғызып алмады ма екен. Шиттей балалары қиналатын болды-ау, – деп уайымдағанда бұ қазақты түсіне алмай-ақ қойдым деп ақылман ағаларымыздың салы суға кететін кездерін аздап болса да түсінгендей болдым (енді дарабаз жазушымыз Дулат Исабековтың әңгімесін ақылға жеңдіре алмай отырған жайым бар).

Бірақ біз ойлағандай оралмандар қыста қиналған жоқ. Олар сол әкімнің жерінің басынан бір аптаның ішінде жеркепе қазып, соны қыстап шыққаны есімде. Кейіннен әкіммен келіспей сол оралмандар ауылымыздан көшіп кетті. Міне, оралмандар қалай еңбектенеді. Сондықтан сырттан қандай (мамандығына қарап жіктемей-ақ қоялық) қандасымыз келсе де оны өзекке теппей, құшақ жайып қарсы алуымыз керек.

 

Әкім-қараларға ұнамайды...


Иә, бөтен елде, бөтен жерде өмірін өткізген адамның өмірлік пайым-түсінігі өзгеше болады. Біз  білетін оралмандар өзі тұрған еліндегі қандайда бір жақсы тәжірибенің Қазақстанда игілігін көргісі келеді. Біздегі қисық дүниені түзеткісі келеді. Ал әкім-қараларға бұл ұнамайтыны анық. Содан кейін «оралман андай, оралман мындай» деген әңгіме пайда болады.

Біздіңше, біздер ғұмыр бойы капиталистік қоғамда өмір сүріп, сол жақтың өмір сынынан әбден сыналып, жетілген дүниелерді оралмандар арқылы қазақ қоғамына сіңіруіміз керек. Біз оралмандардан үйренуге арланбауымыз керек. Жабайы нарыққа енді ғана бойымыз үйрене бастаған біздің елдің «кеңесшіл» тұрғындары капиталистік қоғамның қыры мен сырына әбден қаныққан қандастарымыздан көп нәрсені үйренуі қажет.

Қытай, Иран, Түркия және Еуропа елдерінен келген оралмандардың іс-тәжірибесін басшылыққа алып, елдегі реформаларды жүзеге асыруымыз керек еді. Өкінішке орай, біз мұның бірін де істеген жоқпыз. Бұл біздің үлкен қатеміз деп есептейміз. Біздер әлі де болса мықты оралмандардың іс-тәжірибесін дипломатия, кеден, көші-қон саласында пайдалануымызға болады. Әлі де уақыт бар (мүмкін Дулат ағамыз осы мәселені меңзеген шығар).

 

...Ауыт Мұхибекті ғана білеміз


Біздер бір миллион оралманды елге көшіріп алғанда, тек қана халықтың санын көбейтуді көздемеген шығармыз. Бүгінде елге алғаш келген қандастарымыздың ата қонысқа табандарының тигеніне 30 жылға таяп қалды. Сол миллионның арасынан он мың бәсекеге қабілетті маманды іріктеп алуға болады ғой. Солар қайда? Парламенттен, министрліктен, облыстық әкімдіктен оралмандарды көрдіңіз бе? Өз басымыз көрген жоқпыз.

Өткен жылы «Нұр Отанға» қызметке тұрып, оралмандардың мәселесін көтеріп жүрген Ауыт Мұхибекті ғана білеміз. Алдымен соларды жұмыспен қамтып алайықшы. Оралмандар танысы мен орыс тілін жетік білмеген соң, жоғары лауазымды қызметке ұмтылмайды. Қазір шеттен келген қандастарымыз саудада, орта бизнес, ауыл шаруашылығында және әдебиет пен мәдениет саласында табысты еңбек етуде.

 

Коммунистердің қай жері артық?


Біздер, яғни, кең байтақ Қазақстанның байырғы тұрғындары оралмандардың потенциалын пайдалануды биліктен талап ететін кез келді. Өткен жылғы Парламент сайлауында оралмандар партиясын құру турасында мәселе көтерілгенде мүйізі қарағайдай ағаларымыз «үй ішінен үй тіккендей боламыз» деп жұртқа басу айтқансыды. Елде 1 миллионға таяу сырттан келген қандасымыз бар. Біздіңше, бұл оралмандар партиясын құруға жеткілікті сан. Елімізде 100 мың коммунист болмаса да, коммунистердің партиясы қоғамдық-саяси өмірімізге араласып отыр ғой. Осы тұрғыдан алып қарасақ, оралмандар партиясын құрудың уақыты жеткенін бес жасар бала да ұғынады. Сырттан келген қандастарымыз мәселелерін өздері шешео еді. Сол кезде Дулат сияқты ағаларымыз сөзінен жаңылыспайды. Ал ауылдағы шайпау мінезді жеңешелеріміз оралмандарды сыртынан күндемес еді.

Нұрлан ЖҰМАХАН


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x