Таңат ауылының тағдыры қыл үстінде!..

Dalanews 25 мам. 2015 23:16 389

 

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің,

Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімовтің назарына!

Редакциямызға Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласына қарасты Таңат ауылының тұрғындары телефон шалды. Байқағанымыз, ауыл тұрғындарының Семей қаласының әкімдігіне өкпелері қара қазандай секілді. Олардың айтуынша, Таңат ауылының тұрғындары 2015 жылы 28-қаңтарда Семей қаласының әкімі Айбек Мүталапханұлы Кәрімовке хат жолдайды (хаттың көшірмесі төменде ұсынылып отыр). Бұл хатта ауыл тұрғындары Таңат ауылындағы түйткілді проблемаларды – мектептің, медициналық пункттің, мәдениет үйінің, кітапхананың, пошта байланысының жоқтығын, Семей қаласы мен ауыл арасындағы жол қатынасының нашарлығын, ауылдың бұрынғы ядролық сынақ полигонының іргесінде орналасқандықтан мұнда тұратын тұрғындар арасында қатерлі аурулардың орын алып отырғанын жазған. Сондықтан бұл ауылға бұрындары «келешегі жоқ» деп танылған Самай, Соц. Қазақстан, Қараөлең, Қызылжал, Киікқашқан ауылдары секілді мәртебе беріп, ауыл тұрғындарын Семей қаласынан баспанамен қамтамасыз етуге көмек көрсетілсе деген тілектерін жеткізген. Сонымен қатар хатта осы мәселені түбегейлі зерттеп, ауыл тұрғындарының қаржылық, материалдық, шаруашылық жағдайын анықтау үшін қала әкімдігі тарапынан арнайы жұмыс тобын құруды өтінген.

АуылАлайда Семей қаласының әкімдігі ауыл тұрғындарының өтінішін аяқсыз қалдырған. Ауыл тұрғындары өздерінің жанайқайына қала әкімдігінің бей-жай қарап, сүйкейсалды жауап бергендеріне алаңдаулы. Таңат ауылының тұрғыны Ә.Қасымовқа Семей қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен екі беттік хат келіпті (хат мәтінінің көшірмесі төменде ұсынылып отыр). Хатта ауыл тұрғындарының өтініш-тілегі туралы бір ауыз сөз жоқ. Неге екені белгісіз, бұл хатта Семей қаласынан пәтер алу үшін кезекке қалай тұруға болатыны, оған қандай құжаттардың керектігі туралы егжей-тегжейлі жауап беріліпті. Шамасы, қалалық әкімдіктегілер ауыл тұрғындары атынан жазылған хаттағы «Осы сауал-хат қатынасқа таяу арада тиісті шаралар тізбесі белгіленген жауап келеді деп күтеміз. Ол жауап-қатынас арнайы бір адамның атына, яғни, ауыл тұрғыны Әбіл Көшербайұлы Қасымовтың атына жіберілуін сұраймыз» деген сөйлемді бұл кісі (Ә.Қасымов) баспана сұрап отыр деп қате түсінген секілді. Ауыл тұрғындары қалалық әкімдіктен келген жарымжан жауапты түсінбей аң-таң.

– Семей қаласы әкімдігінен өз басына баспана сұрап, хат жазған ешкім жоқ. Бұл хатта бүкіл ауыл тұрғындарының мәселесі көтеріліп, жанайқайы жазылып отыр. Біз бұл хатты жауап ретінде қабылдай алмаймыз. Ауыл тұрғындары Семей қаласы әкімдігінің бұл жауабына мүлде қанағаттанбайды. Мұны біз қала әкімдігінің ауыл тұрғындарының мәселесіне немқұрайлы қарауы деп түсінеміз. Сондықтан 2015 жылғы 28 қаңтарда Таңат ауыл тұрғындары атынан Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімовке жолданған хатты Семей қаласының әкімдігі қайтадан мұқият қарап, тиісті шешім қабылдап, қайтадан жауап берулерін сұраймыз, - дейді Таңат ауылының тұрғындары.

хат (2)P.S. Таңат ауылының тұрғындары Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімовтің бұл мәселеден хабардар екенін, жыл басында осы ауылда өткен есептік кездесуде ол кісінің бұл түйткілді шешуге жәрдемдесемін дегенін айтады. «Бұл хат қала әкіміне жетпей қалуы да мүмкін. Сондықтан ол кісінің қарамағындағы қызметкерлер тарапынан түсінбеушілік туындаған секілді. Ауыл тұрғындары Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімовтің бұл мәселені тікелей өз бақылауына алып, тиісті шешім қабылдайтынына сенім білдіреді» дейді ауыл тұрғындары.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің кез келген мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарайтын басшы екенін жақсы білеміз. Сондықтан Таңат ауылы тұрғындарының жанайқайы, көтеріп отырған мәселелері ескерусіз қалмайды деп сенеміз.       

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x