Досмұхамбетов Қайыршақты ауылының тұрғындарымен кездесті

Dalanews 10 нау. 2022 13:42 267

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Қайыршақты ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Атырау облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қайыршақты ауылдық округінде 15 657 адам немесе 5004 отбасы тұрады. Округке Томарлы, Талғайраң, Бесікті ауылдары, Стандарт және Аспа учаскелері, Жұлдыз, Жұлдыз-3, Көктем ықшам аудандары кіреді.

Алдымен өңір басшысы ауыл тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады.  Мәселен, қабылдауға келген тұрғын Сәлімжан Аманғалиев Томарлы ауылына мектеп салу мәселесін қозғады.

Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов аталған нысан үшін Көктем ықшам ауданындағы 600 орындық мектеп құрылысы салу үшін құжат жасақталып, сараптамадан өткенін жеткізді.

– Кешенді жоспар аясында республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсыныс берілді. Сонымен қатар, Жұлдыз-3 ықшам ауданындағы 600 орындық мектеп құрылысының құжаты дайын. Бұл мектептің құрылысын ТШО мекемесі салу үшін ұсыныс енгізілді, – деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.


Сондай-ақ, ауыл тұрғыны, зейнеткер Орынбасар Раисов округке қарасты ауылдар ішіне көше жарығын жүргізу мен елді мекендердегі ескі электр желілері мен бағаналарын ауыстыруға өтініш білдірді.

Өңір басшысы биыл мемлекеттік жекешелік әріптестік негізінде округ бойынша 30,7 шақырым болатын 31 көшеге жарықтандыру құрылысын бастау жоспарланғанын айтты.

– Ескі желілер бойынша аталған ауылдарда 8 шақырымды құрайтын 393 бағананы электр сымдарымен қоса ауыстыруды қажет етеді. Қазіргі уақытта «Атырау-Жарық» АҚ мен қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі есебін шығаруда, аталған елді-мекендерге электр желілері мен бағаналарын ауыстыру жоспарда тұр, – деді облыс әкімі.

Бұдан кейін аймақ басшысы округтің тұрғындарымен кездесті. Томарлы Мәдениет үйінде өткен кездесу барысында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасаған округ әкімі Шапхат Қалиев ауылдарда мәселелер біртіндеп шешімін тауып жатқанын атап өтті.

– 2021 жылы Талғайраң-2 ауылының жалпы ұзындығы 8,8 шақырым болатын 15 көшесіне жол құрылысы мен жаяу жүргіншілер жолы толықтай аяқталып, пайдалануға  берілді, –деген округ әкімі, көшені жарықтандыру бойынша әлі де бірқатар жұмыс күтіп тұрғанын айтты.

Жиында тұрғындар тарапынан бірқатар сауал қойылып, ұсыныстар берілді. Азаматтар ауылдарына жаяу жүргіншілер жолын салу, көше жарығын жүргізу, ескі электр бағаналарын ауыстыру, мектеп, балабақша, дене шынықтыру кешені мен саз мектебін салу мәселелерін қозғады.

Сондай-ақ, тұрғындар үшін өзекті мәселе болып келе жатқан – бау-бақша үшін берілген жердің пайдалану мақсатын тұрғын жайға ауыстыру мәселесі де алға тартылды.

– Кезінде жерді бау-бақша, егін егу үшін берген екен, оны дәл қазіргі сәтте мақсатын өзгерту мүмкін емес. Алдағы уақытта жан-жақты зерделеп, заң шеңберінде бір шешім шығару жағын қарастыру керек, – деді аймақ басшысы.


Тұрғындардың сауалдарына жауап берген өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов, көтерген сауалдардың әрқайсысы маңызды екенін айта келіп, әлі де шешімді қажет ететін мәселелер бойынша жауапты орган басшыларына бірқатар тапсырма берді.



Кездесу бастан аяқ әлеуметтік желідегі округтің ресми Фейсбук және Инстаграм парақшаларынан тікелей эфирде көрсетілді.

Атап өтерлігі, облыс әкімімен кездесудің өтетіндігі алдын ала бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланып, тұрғындар құлақтандырылды. Тұрғындардың облыс әкіміне қоятын сұрақтары мен ұсыныс-пікірлерін жинақау үшін әкім аппараты мен ауылдық клуб ғимараттарына арнайы жәшіктер орнатылған болатын.

Айта кетейік, тұрғындармен кездесуге аймақ басшысымен бірге облыстық мәслихаттың хатшысы Әлібек Нәутиев, Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи сондай-ақ облыстық басқарма басшылары мен тиісті мемлекеттік орган өкілдері де қатысты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x