Ұлы жебе!

Dalanews 16 там. 2019 10:51 253

 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданғаны қазақтың рухын оятып, намысын жанатын ондаған, жүздеген іс-шаралар өткізіліп жатыр.

Әр өңір бағдарлама аясында өз жоспарын түзіп, жұрттың рухани санасын жаңғыртуға себепкер болатын бастамаларды қолға алуда.

Айталық, биылғы жылы Алматы облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тұп-тура 585 жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. Жыл басынан соның 400-ге жуығы өткізіліп, өз нәтижесін берген.

Дегенмен, шаралардың сүбелісін өңір әкімдігі күз айына сақтап отыр. Қыркүйек айында Жетісу шеңберінен шығып, ел көлемінде аталып өтілетін іс-шаралардың ең ауқымдысы ұйымдастырылмақ.

Жетісудағы «Рухани жаңғыру» орталығының мамандары әзір әйгілі «Орбұлақ» шайқасын сахналауға әзірленіп жатыр.

Орталық өкілдерінің айтуынша, шайқасты сахналау барысында тарихи деректерден ауыту болмайды, барлығы тарихи деректерге сүйене отырып қойылады.

Осынау шайқас кезінде жоңғардың 50 мың жауынгерін Салқам Жәңгірдің 800 (кей деректерде 600 деп айтылады) сарбазы тоқтатқан екен. Артынша Жалаңтөс баһадүрдің қалың қолы көмекке келіп, жерді басқыншылардан азат етіпті.

Алғаш рет оқпана қазылып, ерекше тактика қолданылған оқиға Панфилов ауданының аумағында өткен.

Бірнеше жыл бұрын шайқас орнына белгі тас қойылып, облыс орталығында арнайы театрландырылған көрініс көрсетілген еді. Ұйымдастырушылар бұл бастаманы дәстүрлі шараға айналдыруды көздеп отыр.

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі директорының орынбасары Бағдат Науқановтың айтуынша, Орбұлақ шайқасын сахналау жоғары деңгейде ұйымдастырылады.

– Осы мақсатта жатпай-тұрмай іздендік. Тарихи архивтерді ақтарып, сол шайқаста жауынгерлердің әртүрлі мылтықтарды қолданғанына көз жеткіздік. Сол себепті де біз отшашуларды қолдана отырып, үлкен әсерде қалдыратын көрініс көрсетеміз деп отырмыз. Бұдан бөлек, алаңда көрмелер, ұлттық ойындар өткізілетін болады, – дейді ол.

Айта кетелік, былтырғы жылы Алматы облысының Жаркент қаласында Тұңғыш Президент күніне орай және Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына байланысты «Ұлы жебе» мемориалды кешені ашылған болатын.
– Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының азаттық жолындағы тарихи оқиғаларының бірі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Орбұлақ пен Аңырақайдағы тарихи маңызды жеңістер Азаттықтың ақ туы астында желбіреді», – деп, тарих толқынындағы ерлікке толы ұлы оқиғаларды дәріптеуге ерекше мән берген болатын.

Мемлекет басшысының жақында жарық көрген «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы да біздің ұлттық тарихымызға терең үңілуге, халқымыздың өткеніне, бүгіні мен болашағына зор құрметпен қарауға үндейді.

 

Орбұлақ тарихы –Ұлы Дала тарихының бір парағы, – деп атап өткен болатын сол жолы облыс әкімі Амандық Баталов.

 

 

«Қала мен Дала» анықтамасы:

«Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысындағы алғашқы бетбұрысты оқиға.

Бұл соғыс 1643 жылдың жазында қазақ қолын басқарған Жәңгір сұлтан мен жоңғар қолын басқарған Батыр қонтайшы арасында өтеді. Жәңгір жоңғарлардың жолын кесу үшін білтелі мылтықпен қаруланған 600 сарбазбен қарсы аттанады.

Әлемдік соғыс өнерінің жылнамасына енуге лайық Орбұлақ шайқасында осы 600 қазақ сарбазы 50 мың жоңғар қолын тас-талқан етіп жеңеді. 600 адамның 50 мың адамды жеңуі бізге аңыз секілді көрінгенмен, шындық солай», – деп жазады e-history.kz



«Біздің бабалар жасаған ерлік 300 спартандықтың ерлігінен де асып түседі, анығында. Ең өкініштісі, осы 300 спартандықты көріп өскен біздің қазақтың жастары Орбұлақ шайқасындағы ерліктен хабары жоқ.

Шындап келген кезде, жауға шапқан адам саны емес, Спартадан шыққандардың саны 300 болды. Сол заманда гректер кішігірім полюстерге бөлінді.  Солардың әрбірінен жиналған әскер санын қосқанда 5 мыңға дейін барған.

Ал біздің Жәңгір хан шынымен де, небәрі 600 әскерімен жауға қарсы тұрды», – дейді жас тарихшы Азат Бақытұлы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x