Шығыста Ұлттық домбыра күні аталып өтті

Dalanews 08 шіл. 2019 15:26 306

Шығыста Ұлттық домбыра күні аталып өтті. Мерекелік іс-шаралар тәулік бойы жалғасты.


Кешкісін облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафт музейінің алаңында еліміздің үздік домбырашылары мен эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. 


Айта кетелік Ұлттық домбыра күні алғаш рет былтырғы жылы тойланды, мұндағы мақсат ұлттық құндылықтарды ұлықтау, қазақтың тарихы мен мәдениетін дәріптеу.


Домбыра мен күй өнері адамзаттың мәдени мұрасы ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген. Осынау айтулы күні қазақтың ұлттық аспабынан күмбірлеп шығар қоңыр үнді естіп, күй құдіретінен қуат алу үшін музей-қорықтың алдына жиналған Өскемен тұрғындары кештен ерекше әсер алды. 



ШҚО әкімі симфоникалық оркестрінің жетекшісі әрі бас дирижері Александр Галсановтың атап өткеніндей өнерпаздар тұрғындарды таң қалдыру үшін осы кешке ұзақ уақыт бойы әзірленген.



– Бұл өте жауапты шара, 80 адамнан тұратын екі оркестрдің домбыраның қос ішегіндей үндесіп, өнер көрсетуі үшін көп тер төктік. Біздің орындауымыздағы туындылар тыңдарман жүрегінен орын алды деп сенемін. Фестиваль екінші жыл өтуде, Қазақстан үшін оның маңызы ерекше. Себебі домбыра дегеніміз қазақтың жаны. Домбыра біздің оркестрдің негізгі аспабы, - дейді ол. 


Сахнада симфониялық және Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптар атындағы оркестрынан бөлек эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. 



Белгілі әнші Еркін Шүкіманның орындауында "Ән домбыра", «Домбыра саған өкпем жоқ», «Сағындым Алтай» әндері шырқалса,  Айбек Бекбосынов Елбасыға арналған күй орындады, оның орындауындағы Құрманғазының "Сарыарқасы" және "Көктемнің он жеті сәті" туындылары көптің көңілінен шықты. 



– Домбыра қазақтың киелі мұрасы. Күйшілер қадым заманнан бері қадірін жоғалтқан жоқ. Домбыраның қоңыр үні арқылы қазақтың мәдени мұрасы мен дәстүрін дәріптейміз. Ешбір музыкалық аспап сайын даланың даусын дәл домбырадай жеткізе алмайды. Осынау дәстүрдің сабақтасып, ұрпақ-ұрпаққа жеткенін қалаймын, – деді Айбек Бекбосынов.


Кешке келген көрермендер әуезді ән-күйге бөленіп қана қоймай, домбыра туралы танымын кеңейтетін сұрақ-жауап сайысына да қатысты. 


Кештің соңында «An. Sal. Dar» тобы халық әндерін орындап, оған көрермендер де қосылып мерекелік шараның шымылдығы түрілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x