Оңтүстік халқының банктегі салымдары 303,7 млрд. теңгені құрады

Dalanews 28 нау. 2018 11:40 238

Оңтүстік Қазақстан облысында ағымдағы жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша тұрғындардың банкке салған депозиттерінің жалпы көлемі – 303,7 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде шетел валютасындағы салымдар - 7,8 пайызға қысқарса, ұлттық валюта салымдары – 5,4 пайызға өскен. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық банкінің облыстық филиалының директоры Әнуар Ботанбеков мәлім етті.



Оның айтуынша, 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында теңгенің айырмасы бір АҚШ доллары үшін 320,30 теңге болып, ұлттық валюта 3,6 пайызға нығайған. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық банкінің облыстық филиалы өңірдегі 239 валюта айырбастау пунктерінің қызметін мониторингілеуді жүзеге асырады.

– 2018 жылдың алғашқы екі айында облыста АҚШ долларын сатып алу көлемі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,20 пайызға ұлғайып отыр. Еуроны сатып алу көлемі – 14,47 пайызға азайып, Ресей рублін сатып алу – 12,14 пайызға ұлғайған, – деді Әнуар Амангелдіұлы.

Айта кетерлігі, Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтері ақпанның соңында 31,4 млрд. АҚШ долларын құрап, жыл басынан бері 2,2 пайызға өсті. Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері - 59,4 млрд. АҚШ долларына бағаланып, қазіргі таңда жалпы халықаралық резервтер - 90,8 млрд. АҚШ долларын құраған.

2018 жылдың қаңтар айында жалпы Қазақстан бойынша жаңа кредиттерді беру көлемі – 830 млрд. теңгеге жетті. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында қаңтар-ақпан айларында жаңа кредиттерді беру көлемі – 59,2 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 46 пайызға көбейіп отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

 

https://dalanews.kz/32244

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x