Дүкеннің сатушысынан бастап, жұмыстағы әріптестерге дейін қазақша сөйлесу қажет

Dalanews 27 ақп. 2020 17:05 233

Павлодар облысы әкімі Әбілқайыр Сқақовтың төрағалығымен өткен өңір әкімдігінің кеңейтілген мәжілісінде облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов қазақ тілінің қоғамдағы қолданыс аясын арттыру жөніндегі ұстанымдарын жария айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz ақпарат агенттігі.

Павлодар облысы әкімі Әбілқайыр Сқақовтың төрағалығымен өткен өңір әкімдігінің кеңейтілген мәжілісінде сөйлеген мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы туралы ақпарат жеткізді.

Ернұр Дәуеновтің айтуынша, бағдарламада айқындалған барлық көрсеткіштер орындалып, негізгі индикаторлар іске асырылды. Мәселен, мемлекеттік тілді меңгергендер үлесі былтыр 87,1%-ға, ағылшын тілін – 24,3%-ға, 3 тілді меңгергендер – 22,2%-ға жеткен.


Сөйте тұра, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы қоғамда қазақ тілін қолданбау мәселесінің өзектілігін жоғалтпағанын да жасырмай айтты. Жағдайды түзету мақсатында Ернұр Дәуенов басқарманың осы бағыттағы негізгі ұстанымдарын жеткізді.

– Біріншіден, тілдің қолданысына қажеттілік тудыру керек, – деді Ернұр Дәуенов. – Бұл – ауладағы дүкеннің сатушысынан бастап, жұмыстағы әріптестермен, жалпы, күні бойы кездесетін адамдармен, оның ішінде өзге этнос өкілдерімен де, ең алдымен қазақша сөйлесуді білдіреді. Кейіннен керегін қажетті тілде түсіндіруге болады. Сол арқылы көшеде, қоғамдық көлік пен қызмет көрсету орындарында, сауда орталықтарында, әлеуметтік желілерде мемлекеттік тілге деген сұранысты көбейтуіміз қажет, – деді басқарма басшысы.

Басқарма басшысының облысы аумағында Еріктілер жылына орай тіл еріктілерінің облыстық жасағы құрылды. Ернұр Дәуеновтің пікірінше, қазақ тілін жетік білетін әрбір облыс тұрғыны – тіл еріктісіне айналуы қажет.

Айбек ЖҰМАТОВ

Фото: Валерий Бугаев

Таға оқыңыз:


https://dalanews.kz/50865

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x