Р. Айыпұлы: "Қазақстан-Қытай қарым-қатынасына сұхбат мәдениеті керек"

Dalanews 08 мау. 2017 06:25 250

Өткен аптада Алматыдағы Қытай бас консулдігінде Қытайдан келген арнайы делегациямен «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігі өкілдері және басқа да азаматтар кездесіп, соңғы кездері ҚХР Шынжаң өлкесінде қалыптасқан кейбір түсініксіз жайттарды талқылады. Осы кездесуде нендей мәселе қаралды? Нақты қандай ұсыныс-пікірлер айтылды? Осы сұрақтар төңірегінде белгілі саясаткер, «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің төралқа мүшесі Рахым Айыпұлымен әңгімелескен едік.

– «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің ұйтқы болуымен Қытайдан арнайы жұмыс тобы келіп, Астана мен Алматыда арнайы кездесу өткізіпті деп естідік. Ресми кездесу өткізуге қандай жағдай түрткі болды?

– Өткен жылдың соңынан бері Қытайдан осы жаққа көшіп немесе туысшылап келген қазақтарды Қытайға қайта шақыртып жатыр екен, олардың алатын зейнетақысын тоқтатып тастапты, ықтиярхат алғандардың паспортын жинап алыпты деген әңгіме ел арасын кезіп кетті. Біз бұл мәселені мұқият зерттедік. Шынымен де, Қазақстанға келіп азаматтық алған зейнеткерлердің зейнетақысын тоқтатып тастаған мысалдар бар екен. Сондай-ақ, осы жаққа келіп-кетіп, ықтиярхатпен жүрген көпсанды азаматты Қытайға шақырып, «ықтиярхаттарыңды тапсырасыңдар, егер олай етпесеңдер зейнетакыларынды токтатамыз» деген талап қойып, паспорттарын жинап алған жағдайлар да көп болып шықты. Әсіресе бұл жағдай Іле қазақ автономиялы облысында жиі қайталанып жатқанын білдік. 2016 жылы қазан айының 30 күні ҚХР коммунистік партиясы орталық комитеті, үгіт-насихат департаментінің басшысы бастаған мемлекеттік делегация Астана, Алматы қалаларында сапарда болды. Алматыда «Жебеу» қатысқан мәслихат өтті. Сонда «Жебеудің» төрағасы делегация назарын этникалық қазақ тығыз қоныстанған Шыңжаңдағы «паспорт жинап алу мәселесіне» аударып, осы жайында пікірін сұраған болатын. Делегация басшысы бұл уақытша жағдай екенін түсіндіріп, алаңдауға негіз жоқтығын, терроризм мен діни қауіп-қатердің алдын алу үшін жасалып жатқан шара екендігін айтқан еді. Олар Шынжаңнан шетелге шыққан азаматтардың қайда барғанын, немен шұғылданып жатқанын білу үшін арнайы тексеру жүріп жатқанын, алдағы уақытта жиналған паспорт иелеріне қайтарылып беретінін жеткізген. Бірақ орталық Қытайдың саясаты мен Шынжаңдағы жергілікті биліктің ұстанымы екі басқа болып шықты. Жергілікті атқамінерлер уақытша тексеруді «асыра орындап» жіберген. Тіпті, Іле облысының кейбір аудандарында Қазақстан азаматтығын алған зейнеткерлерге азаматтықтан бас тартуын, өйтпесе зейнетақысынан айырылатынын ескерткен. Ықтияр хат алғандарға да сондай шарт қойып, паспорттары мен ықтиярхаттарын жинап алған. Кейбір азаматтарды «сен Қытайдағы тіркеуіңді уақытында өшіртпей, заң бұздың» деп, түрлі қысым көрсеткенін де естідік. Ал Қытайдың мұқажырларға (шетелге қоныс аударған қытайлықтар) катысты заңдық күші бар нормативтік актілерінде зейнетке шыққан Қытай азаматы қай елдің азаматтығын алса да, оның зейнетақысы тоқтамайтындығы анық жазылған. Сонымен бірге, Кытайдын "Азаматтык туралы" заңының 9- бабында шетелдің азаматтығын алған Кытай азаматы азаматтықтан автоматты түрде шығарылады деп көрсетілген. Демек, автоматты деген ұгым бойынша онын тіркеуі де ошірілуі шарт. Бұл заңда баска косымша талап қарастырылмаған.

Осы жылы қаңтар айының ортасынан бері «Жебеу» бірлестігінің төрағасы Омарәлі Әділбек мырза бастап, Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісінің атына және Қытайдың тағы басқа құзіретті мекемелеріне арнайы хат жаздық. Сол хаттардың негізінде Қытай елшісі Жан Ханхуй мырза мен Алматыдағы бас консулы Жан Уый мырза бірнеше рет арнайы кездесу өткізіп, мәселенің мән-жайын бізбен бірге талқылады. Бас елшінің наурыздағы арнайы мерекелік шақыруына барған Омарәлі Әділбекұлы мен Талғат Мамырұлы Іле облысындағы түйткілді мәселенің күн санап күрделеніп бара жатқанын қайталай еске салған. Оларды Алматыға келген соң Алматы консулы басшысының орынбасары қабылдап, бұл жағдайды басынан өткерген нақты адамдармен танысып, олардың арыз-арманын тыңдады. «Жебеу» қоғамдық бірлестігі тарапынан бұл мәселені ауық-ауық Бас елші мен Алматы консулы басшысының назарына салып отырдық.

– Осы жолғы делегация құрамында кімдер болды? Олармен кездесуде нақты қандай ұсыныс айттыңыздар?

– Бұл жолғы делегацияны Қытайдың Қазақстандағы елшілігі арнайы шақыртты деуге болады. Делегацияның басшысы ШҰАР үкіметі сыртқы істер департментінің хатшысы болды. Сондай-ақ, Ішкі істер мекемесінен, кадрлар мекемесінен, тәртіп тексеру комитетінен, әділет департаментінен, Іле Қазақ облыстық тәртіп тексеру комитетінен онға жуық адам келді. Ал «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің атынан 5 адам және осы қалыптасқан жағдайларды өз көздерімен көрген яки туыстары арқылы біліп отырған ондай адам қатысты. Делегация мүшелері біздің тарапымыздан қойылған сұрақтарға нақты жауап беріп, кездесуге келгендердің әрбірімен мамыражай сөйлесті. Біз төмендегідей алты түрлі ұсынысты ортаға тастадық.

Бірінші, кейбір мекемелер зейнеткерлердің паспортын, ықтияр хатын жинап алып, ешқандай түсініктеме бермей күттіріп отыр;

Екінші, оларға Қазақстан азаматынан шығуды бұйырған. Олай болмағанда зейнетақыны тоқтатамыз деген;

Үшінші, екі ай ішінде Қазақстаннан алған ықтиярхатын қайтаруын міндеттеген, сөйтпегенде зейнетақыны тоқтатып, паспортын жиып алатынын айтқан.

Төртінші, Қазақстанның азаматтығын алған адамдардың ішінде уақытында пропискасын өшірмегендерді қос азаматтық деп танып, зейнетақысын тоқтатқан, Еш себепсіз пропискасын өшіруге кедергі келтірген.

Бесінші, уағында мекемесіне барып тізім бермегендердің (денсаулығына байланысты) зейнетақысын тоқтатқан.

Алтыншы, қайтып барған біраз кісілердің жасы ұлғайған, денсаулықтары жақсы емес, бала-шағалары қасында жоқ, ол жақтағы үйлерін сатып жіберген. Осы кісілер қатты қиналып жатыр.

Делегация мүшелеріне осы жағдайларға жіті көңіл бөліп, оңды шешім қабылдауларын сұрадық. Олар бұл мәселені түбегейлі шешуге құзіреттері жетпейтінін, осындағы талап-ұсыныстарды тыңдап, зерттей келе, Қытай заңдарына сай бір шешім қабылдайтынын айтты. Біз оларға Қытай заңында зейнеткерлердің қай елдің азаматтығын алса да зейнетақысы тоқтамайды әрі өзге елдің азаматтығын алған азаматтың Қытайдағы азаматтығымен коса пропискасы да автоматты түрде бірден өшірілуі керектігін қайталай айтып, қазіргі жергілікті биліктің кейбір әрекеттері Қытайдың негізгі заңдарына қайшы келетінін түсіндірдік. Олар бізбен мәдениетті сұхбат құрып, біздің ұсыныстарымызды Қытайға барған соң шешуге тырысатындықтарын жеткізді.

– Одан бері де аптаға жуық уақыт өтті. Қандай шешім қабылдапты? Делегация мүшелерімен хабарласып тұрсыздар ма?

– Олар Қытайға кеткен соң да бізге телефон соғып, өздерінің түсінбеген тұстарын қайталай сұрады. Қазір Іле қазақ облысының кейбір аудандарында жиып алған ыхтиярхаттарды, ішінара паспорттарын да өздеріне қайтарып беріп жатқанын естіп жатырмыз. Бізге арнайы рахмет айтып, қуанышын жеткізгендер де бар. Айталық, делегация құрамында болған Іле облыстық партия комитеті тәртіп тексеру комитеті хатшысының орынбасары Әнуар Айдарұлы Құлжа қаласына жетісімен арнайы жиын өткізіп, жергілікті аудандарға зейнетақы және ықтиярхат мәселесі бойынша арнайы тапсырма беріпті деп естідік. Жиып алынған паспорттарды қайтарып беруді де тапсырыпты дейді.

Осыдан бұрын кезінде Тарбағатай аймағы Дөрбілжін ауданынан келген Алдиярхан Түркістан атты ақсақал Қазақстан азаматтығын алғанына байланысты 8 ай бойы зейнетақысын ала алмағанын, кейін Кытайдың Алматыдағы бас консулы Жан Уый мырзанын тікелей араласуымен 8 ай бойы тоқтатылған зейнетақысын бергізіп, бұдан былай жалғасты алуға кол жеткізгендігін делегация мүшелеріне өз аузымен айтты. Ақсақал өз аймағындағы құзіретті орындардың бұдан былай азаматтық алған азаматтардың зейнетақысы тоқтамайтынына уәде беріп, олар жылына бір рет Қазақстандағы Қытай елшілігіне барып, өздерінің аман-есен екендіктерін мәлімдеп тұрса болды, Қытайға да бармаса болады деген шешімге келгендігін жеткізді.Меніңше, бұл артық талап емес. Енді ықтиярхат алған зейнеткерлердің мәселесі де он шешіледі деген үміттеміз. Одан өзге де мәселелер өз уақытында біртіндеп шешілеріне сенімдіміз.

– Сонда бұл түйткілді мәселе жалпы Қытайдың қазақтарға жасаған арнайы саясаты емес, жергілікті әкімшіліктің «асыра сілтеуі» болып тұр ғой?

– Дәл солай. Мұны «Қытайдың қазақтарға әдейі жасап отырған қысымы, империялық саясатының бір көрінісі» деп дабыра қылудың өзі ұят. Бұл жергілікті әкімдіктің мәселенің арғы өзегіне үңілмей, біржақты қарауынан туындаған дүние. Әйтпесе, дүниеге ең көп таралып жатқан осы Қытайлар. Олар қай елдің азаматтығын алмай жатыр? Ешқайсысының зейнетақысын тоқтатып жатқан жоқ. Себебі, өз заңдарында бұл мәселе анық жазылған. Өзге елдің азаматтығын алған зейнеткер өзінің саналы ғұмырын Қытай үшін сарп еткен азамат ретінде қаралады. Демек, оның Қытай үкіметінің зейнетақысын игіліктенуіне толық құқығы бар.

– Осындай түсініксіз жайттер екі елдің өзара қарым-қатынасына теріс әсер етпеуі үшін біздің құзіретті орындар қандай шараларды қолға алғаны жөн? Қарапайым халық мұндай мезеттерде өзін қалай ұстауы тиіс?

– Біздің кейбір азаматтар «Сыртқы істер министрлігі қайда қарап отыр? Қытайдың империялық саясат жүргізгеніне төзе алмаймыз» деген сияқты ұрандатып жатады. Шын мәнінде, бұл Қытайдың ішкі мәселесі, олар шетелге кеткен зейнеткерге өз заңдары бойынша зейнетақы беруге міндетті болса да, оны ҚР СІМ талап ете алмайды. Мұны тек аса сақтықпен, дипломатиялық жолмен ғана шешуге болады. Осы жолғы жағдайдан ҚР Сыртқы істер министрлігі де хабардар болды. Бірақ мәселенің мән-жайын толық білмеулері мүмкін. Себебі, Қытайдың заңын, Шынжаңдағы соңғы әлеуметтік-саяси мәселелерді сол жаққа барып, көріп жүрген азаматтар болмаса, көп адам біле бермейді. Сол үшін ҚР СІМ мен Ақордаға орынсыз өкпе артып, елді шулатуға үйір болуымыздың қажеті жоқ. Атқарушы билік қана емес, кез келген азамат мәдениетті сұхбат құрудың жолын іздеп үйренсек, бұл еліміздің беделін де, берекетін де арттыра түседі. Қытай – біздің мыңжылдық көршіміз. Қаласақ та, қаламасақ та бұл елмен байланысымыз үзілмек емес.

Өткенде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысын қабылдаған Қытай Президенті: «Әлемдегі екі алып ел үшін істестік пен диалогтан басқа тиімді жол жоқ. Жаулық пен өзара қысастық екі ел халқына жақсылық әкелмейді» деді. Біз үшін де орынсыз үрей, айғай-шу тиімді жол емес. Өзара татулық оларға да, бізге де тиімді. Егер екі елдің қазіргі үйлесімді әріптестігі бұзылмаса, мұның пайдасын ең бірінші болып көретін – сол Қытайдан келген ағайындар. Ал, керісінше, екі елдің ынтымағы бұзылып, тең дәрежедегі әріптестігіне сызат түссе, онда да ең алдымен зардап шегетіндер – тағы да сол Қытайдан келген қандастарымыз! Біз мұны естен шығармауға тиіспіз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Т. ӨСКЕНБАЙ.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x