Семей жерінің сөз сарайы

Dalanews 07 шіл. 2015 00:35 379

Қарт Семей, сөз Семей, Қызылжар-Семей... Замананың кескіні мың құбылғанда өрлігін жоғалтпаған, рақымсыздар қаптағанда рухын құлатпаған Семей. Киелі һәм тағдырлы шаһар. Семей десе ат үрікті. Семей сүргін кешті. Ерке Ертістің бір қалыптан жаңылмайтыны сияқты тағдыр тосқауылына тайқы маңдайын тосты да іргеге аунап түспей інжу-маржанын қойнына басып, қазакем басына туар ақ таңды күтті де жатты.

Жылаулы болды, зарлы болды. Қалың қазақ атасы Абай, әрісі Ақтайлақтан, берісі Тыныштықбекпен жалғасар сөз сүлейлерін жақсы білер. Қарауыл тудырған ұлылар жайлы сөз бөлек те, шаһар сұңқарлары жайлы әңгіме тіптен басқа. Көзі қарақты оқырман дұрыс ұғынсын Семейді әспеттеп әлдене табайық деген ойдан аулақпыз. Болмағанды болды деу әдебиет-арға жат қылық. Мұнда да таң атып, күн батады. Айтпағымыз - айтылмаған әңгіме, біз жиі ауызға ала бермейтін, айналып өтер - ақиқат қана. Өйткені қашанда жақын таудың биіктігі байқалмайды.

Семей - Алаштың астанасы. Әрине, арқа төсіндегі кешегі Абылай ақ ту қадаған мекендегі ару астанамыз жаңа Қазақстанның - жаңа бетпердесі. Семей сол Алаш атты асыл ұғымның алғаш ауызданған жері. Сенбесеңіз тарихты парақтаңыз.

Қазіргі Семейдің Жаңа Семей аталатын бөлігі «Алаш қаласы» аталған. Алаш арыстары туды осында тікті. Сұлтанмахмұт оқуға келді, Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов қазақтың тұңғыш баспасөз қарлығаштарының бірі саналатын «Сарыарқа» (қазіргі «Семей таңы») мен «Абай» журналының тұсауын кесті. Ол ол ма, Міржақып біраз уақыт түрмеде отырса, Ахаң Ахмет Байтұрсынов жары Бадрисафамен (Александра) некесін қиды. Қ.Мұңайтпасов өнер көрсетсе, ән королі Әміре Париждегі тұңғыш ЭКСПО көрмесіне  өзі туған Семейден аттанды. Жұрт біле бермес біраз жай бұл ғана емес, Семей - қазақ театрының ошағы. 1914 жылы Мұхтар Әуезов өзі бас болып Әйгерімнің жайлауы Ойқұдықта «Еңлік-Кебек» пьесасын сахналайды. Суфлер де, режиссер де Мұхаңның өзі.

Қазақ футболы ше? Қазақ футболы да Семейді бастауым деп біледі. 1913 жылы құрамындағы ең бірінші қазақ ойыншы да Мұхаң болған Ярыш (Жарыс) қазақ-татар футбол командасы да дәл осы жерде құрылып еді. Әсетпен айтысатын Кемпірбай ақын мен Сәбит Дөнентаев секілді біртуар алыптарға да Семей топырағы бұйырған. Қадам аттасаң тасы сыбырлап коя берер қарт шаһар болса шеш көңілімнің жұмбағын дегендей әділ таразы - уақытқа өз маржанын сақтап жатыр.

Тек жас ұрпақ Семей дегенде селт етіп, мұражайдан көретін емес, көненің көзіндей, өткеннен өткел болып сыр ақтаратын тірі жәдігерліктерді бағалай білсе болғаны да. Шаһардың қазақ интеллигенциясының шырақ майы екенін айтқанда бүгінде ерекше гүлденіп, көркейген Кереку мен Өскемен,  Семейдің енші алып, бөлек шыққан бел-баласы десе де болады. Хош,бісіміллә кіріспені аяқтап, негізгі айтпағымызға көшейік.

Сексенінші жылдарыстуденттік өмірін бастаған жастар Семейдің медицина, мал дәрігерлік, технологиялық институттарынан білім алды. Оқу орындары арасындағы ең беделдісі әрине педагогикалық институт болатын-ды. Университет түгіл, оның атауы таңсық кезде Семей педагогикалық институтыныңатағы айбарлы шақ.  Қазір мектепте ұзақ жылдар шәкірт тәрбиелеп, құрметті еңбек демалысына шығып отырған қарт ұстаздар мұнымен толық келісер. Қойшысының өзі «Жұлдыз» журналын қонышына салып оқитын сол жылдары әдебиет пен өнер төрден орын алды.

Шығыстағы әдебиет –өмірім дер, қолына қалам алған қазақтың қара көз жастары сол педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына асықты. Себеп ол - сөз кестесін үйреткіш Абай жерінің бағаналы ордасы еді.

Былтыр Семей педагогикалық институтына 80 жыл толды. Айтулы, мерейлі датаға орай сол бағаналы орда, басты орда педагогикалық институтының, қазіргі Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы туралы біраз жайды егжей-тегжейлі болмаса да қал қадірімізше баяндағымыз келді.

Алғашында Семей облыстық оқу бөлімінің пән мұғалімдерін даярлайтын курс ретінде ұйымдасқан институттың қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі 1939 жылы бой көтереді.  

Талаптыны қанаттыға жалғаған факультет басшылығында, ұстаздық қызметінде де талайлы тұлғалар тұрды.

Қайым Мұхамедханов - филология факультетінің негізін қалаушы жан. Абайтанушылар көбейіп кеткен тұста Несіпбек ағаның «Абайды білем деуші көп, бірақ білгірі аз» дегені бар. Ал Қайым - Абайтанудың атасы, Абай сөзін бүгінгі күнге аман жеткізуші. Абайды, оның ақындық мектебін арашалаймын деп  жан ұшырған, сол үшін 25 жыл бас бостандығынан айырылып КарЛагқа айдалған, Қазақ КСР тұңғыш гимнің авторы болып, бірақ көзі тірісінде ешбір мемлекеттік  наградаға ұсынылмай кеткен кемел де қарапайым ғалым. Факультет шаңырағының биік болуы - Қайымдай қайсар кемеңгерден босаға беріктігін алуынан ба дерсің. Мұхамедханов Семейде бір өзі бір мектеп болды, өзі сияқты ерлерді маңына топтастыра да білді.

Қара жолдың өзінен әркімдер тайған, жер-жерде барлық қазақ бөлімдері жабылып жатқан алмағайып кезеңде Семей бөлімін алып қалуға Мұхамедхановтан кейін барын салған тағы екі тұлға болған. Бірі тілші маман -Жұмағали Шәкенов те, екіншісі Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің немересі, асылдың сынығы, тектінің тұяғы қазірде еңбегі шәкірттерімен жалғасын тапқан Қуандық Фазылұлы болатын. Ғұмырнаманың осынау беттерін парақтағанда қырын көзқарасқа ұшыраған туған тіліңнің көрген зәбір-жапасынан бойын түршіксе, екіншілей ел сенген ерлер барына қуанасың.

Қазақ тілі мен әдебиеті – Семейдің сөз сарайы іспетті. Әр жылдары түлеген түлектерге қарап факультеттің ұстаздар ұстаханасы ғана емес кілең майталмандар мен сайыпқырандардың ұясы болғанын аңғарасың. Әзілхан Нұршайықов, Қанипа Бітібаева, Ғарифолла Есім, Кәмен Оразалин сынды аға буын өкілдері мен алтынның ерекше қорытпасындай ақындар Әбубәкір Қайран, Төлеген Жанғалиев, Мерғали Ибраев, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы өмірлерінің студенттік кезеңі осында сайрап жатыр.

Журналистиканың жампоздары Әлібек Қаңтарбай, Болат Кәкібала, Еуразия бірінші арнасында тілшілікте жүрген жас талант Айжан Ілиясқызы «төртінші билікке» осы жерден жолдама алған.

Өнердің алтын діңгегі айтыста «Жүрсіннің жүйріктері» аталып, кешегі Сапарғалидан соң сұлу сөз сапырған айтыскерлердің желісі де қара шаңырақтан тарамдалады. Серік Құсанбаев, Ринат Зайытов, Сара Тоқтамысова, Әсем Ережеқызы, Қарлығаш Әубәкірова мәрені сан кесті.

Қазақ ғылымының екі алыбы бастауында тұрған факультет биыл Қазақстан ЖОО арасында өткізілген тәуелсіз рейтинг бойынша Алматы мен Қарағандыдан соң 3 орынға жайғасқан. 

Қазір факультетте екі кафедра жұмыс жасайды. Біріншісі – бастауында профессор, ардагер ұстаз, ғажайып тілші маман Қинаят Шаяхметұлы тұратын Қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі кафедрасы. Ғылыми зерттеушілік жұмыстарының теориялық бөлігі жүз жиырма, тәжірибелік-көпшілік сипаттық бөлігі екі жүзден астам аталым құрайтын Қинаят Шаяхметұлының есімінің тілші мамандар арасындағы танымалдылығына байланысты мынадай бір тамаша оқиға бар. Алматыға аспирантураға оқуға аттанған семейлік жас бітірушілердің Қинаят Шаяхметұлынан дәріс алғандарын естігендееш сынақсыз қабылдай береді екен. Отыз жыл бойы кафедра меңгерушілігін атқарған толағай еңбек иесі тәлші қауым үшін қашанда - тау тұлға.

Екінші кафедра – қазақ әдебиеті кафедрасы. Есігі жабылмай еркіндікті сүйетін, елпек орын. Бейсенбай Кенжебаевтың шәкірті, саналы ғұмырын Сұлтанмахмұттануға арнаған, Семейдегі «Еспенбетов мектебінің» негізін салушы Арап Еспенбетов- кафедраның құрметті профессоры.

Кафедраның еркіндікті сүйетін себебі мұнда ақындар орталығы бар. Алдыңғы ақын ағалардың сара жолын жалғап жазба ақын студенттер «Жебе» үйірмесін ашқан. Ұлан Сағадиев, қалалық «Дариға-ай» жастар театрының көркемдік жетекшісі Бауыржан Игілік, Абай атындағы театрдың әдеби бөлім меңгерушісі Мерей Қартов сияқты республикаға танымал жас ақындар «Жебеде» ұшталды.

Біразы қазақ өлеңінің қамбасына жауқазын жинақтарын қосты. Кафедра оқытушысы Мұрат Иманжапаров басқаратын «Үш биік» баспасының «Жас ақындар антологиясы» сериясыменқазірде Ертіс өңірі газетінің тілшісі Медет Демежанның «Көктүрік», Мерей Қартовтың «Есімің сенің», Жұлдызай Ысқақтың «Мен деп білгейсің», Қуат Қиықбайдың «Көктемдегі көлеңке» жинақтары студенттік шақта жарық көріп үлгерді.

Ал жуырда Қалалық мәдениет сарайында «Жебенің» кезекті қыраны мамандықтың 1 курс магистранты Арман Шеризаттың «Тәңірқұт» жыр жинағының тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге арнайы келген белгілі философ жазушы, сенатор Ғарифолла Есім мен абайтанушы Төкен Ибрагимов жаңа леп, жаңа серпін Арманның поэзиясына ақ жол тіледі. Тыныштықбек Әбдікәкімұлы:  «Арман өлеңі – ақылыңызды әнтек жайқалтып, тіліңізді декүрмеп тастарлық қуатқа ие бесті қымыздай» деп баға берді

Жас ақынға бата берген Ғарифолла Есім де, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы да қара шаңырақты бітірген аға буын екеніне қарап, бүгінгі жас ақын Арманғақарап сол бір қасиет пен киенің бауы әлі үзілмегеніне көз жеткізгендей болдық. Ат аунаған жерде түк қалады деген осы шығар. Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, филология факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы –Семейдің сөз сарайы деуге сыйып тұр. Жасай бер, Семей жерінің сөз сарайы!!!

Аяулым Шаймарданова




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x