Назарбаевтың сөзі "Нұр Отанға" қатысты ма?

Dalanews 09 ақп. 2017 10:41 276

Амангелді Айталы ағаның әр мақаласы, әр сұхбаты эксклюзив негізінде. Біріншіден, кейбіреулер сияқты әр басылымға бір жылтыңдап шыға бермейді. Орнымен шығады, орнымен жазады. Сосын ойы әркез тұнық, таза. Оқып отырған адамды шаршатпайды. Оқырман "бұл дүниені бұдан бұрында бір жерден оқыдым-ау" деген ойға қалмайды. Амангелді ағаның Abai.kz сайтында жарық көрген мақаласын осы себепті жариялап отырмыз. Мемлекетті басқару үлгілері туралы ой қозғапты...



Беделіміз бар


"Тәуелсіздік алдық. Жағымды да, көлеңкелі жақтары да бар президенттік басқару жүйесін таңдадық.


Біріншіден, біздің ел басқарудың елбасын таңдайтын тарихи дәстүріміз бар. Ол хандық билік, сонымен бірге оны тежейтін билер институты.


Екіншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдегі ұлтаралық қатынастардың  күрделілігі, саяси мәдениеттің де төмендігі, көрші елдердегі саяси ахуал және экономикалық дағдарыс билікті бір қолда шоғырландыруды, дау-дамайсыз тиімді шешім қабылдауды қажет етті.


Президенттік басқару жүйесі елімізді үлкен табыстарға жеткізді, әлемде беделіміз бар мемлекет болдық".



Бірақ...


"25 жылда адам да өзгереді, ел де өзгереді, заман да өзгереді. Ең бастысы қазақ ұлтының сана-сезімі, еліне, тіліне, әсіресе жеріне деген құрметі өсті.


Сонымен бірге, президенттік басқару жүйесінің соңғы жылдары көлеңкелі тұстары да көріне бастады. Жоғарғы билікке табыну психологиясы кейбір жағдайларда халықпен санаспауға апарып, қарсылықтар туғызды, өктемдік үстем болып, қайшылықтарды күшпен шешу де орын алды.


Жүйелі мемлекеттік саясат мемлекет басшысының тапсырмаларына айналды.



Тіпті соңғы жолдауында Елбасы «мен», тапсырамын деген сөздерді 22 рет қайталады. Үкімет, әкімдіктер өз қызметін тапсырмалармен ғана шектейтін болды.

Мәжіліс пен президент сайлауларын төтенше жағдайлар болмаса да, конституциялық заңды мерзімінен бұрын өткізу дәстүрге айналды.



Халық жалықты 


Елдегі саяси, әлеуметтік ахуал халықты жалықтырды, бұқаралық ақпарат  құралдарына да сенім азайды. Күнделікті өмір мен БАҚ арасындағы көріністерде қайшылықтар көбейді. Шындығын айтсақ, президенттік биліктің ақпараттық ресурстары да сарқылып келеді. 


Иә, тұрақтылық (стабильность) әр уақытта да сәттілік емес,  кейде оның астарында тоқырау, (стагнация - лат. stagno — делаю неподвижным, останавливаю; лат. stagnum — стоячая вода) дағдарыстың да белгілері жатады.



Енді бар үміт Назарбаевта


Мемлекеттің басқару жүйесінің жаңғыруына Назарбаевтың батыл қадам жасауы үлкен үміт туғызып отыр. Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелеріне арналған ұсыныстар, біріншіден Парламенттің өкілеттілігін едәуір артырады. Президент заң күші бар жарлықтар шығармайды.  Заң шығару Парламенттің құзырында...


Екіншіден, үкімет енді президентке ғана емес, парламент алдында жауапты. Үкімет мәжіліспен консультациядан кейін жасақталады. Сонымен, мемлекет билік тежемелі және тепе-теңдік жүйені шынайы қалыптастыруға бет алды. Сөз жоқ бұл маңызды қадам. 



Алайда...


Қазақстан демократия мен авторитаризм будандасқан ел. Саяси ғылымда орысша «гибридный» деп атайды. 


1. Бір жағынан, демократиялық сайлаулар өтіп жатырғандай, екінші жағынан, барлығы биліктің бақылауында. Сырт көзге заң орындалғандай болып көрінгенмен, кімнің, қай партияның жеңетіні алдын ала белгілі.


2. Бір жағынан, сөз еркіндігі бар, екінші жағынан ол белгілі бір  шекке дейін.


3. Бір жағынан, саяси мәдениет дамығандай көрінеді, екінші жағынан халық Ел мен елбасын айыра алмайды.


4. Бір жағынан,  заң жүзінде азаматтық еркіндік бар, екінші жағынан, ол да жарым-жартылай.



"Нұр Отанды" қайтеміз?


"Егер жоғарыдан төменге дейін билік партиясы сайлауларды қадағалап, билеп-төстеп отырса, әділ, таза сайлау болады деу мүмкін емес. Сырттай бақылаушылар болғанымен, сайлау тағдырын дауыс санау шешеді, ал ол билік партиясының қолында.



Парламенттік сайлауға түскен кездерімде, бір облыс әкімінің «Әрі кеткенде сіздің партияға жеті-сегіз орын берерміз» деп шіренгені есімде. Сонда Ресейдің бір саясаткерінің айтқаны ойға оралады: «Какую бы партию ни создавай, все равно получается КПСС». Бізде сол төркінімізден озып кетпедік".

Билеп-төстеп қалған «Нұр Отан» Президентке арқа сүйеп, Парламентте де, Үкіметте де үйренген әкімшілдік, авторитарлық амалдарына барып, мемлекеттегі биліктің тармақтары арасындағы өкілеттікті қайта бөлу жөніндегі Конституциялық бастамаларды жоққа шығармай ма деген қауіп жоқ емес.


Партияға тәуелді Парламент пен Үкімет тежемелік әрі тепе-теңдік жүйенің түрін демократиялық, мазмұнын авторитарлық етіп жіберуге икемді.



Екіншіден, осы кезге дейін жоғары билікке алаңдап, сақтық танытқан абайлағыш депутаттар мен үкімет мүшелері батыл іскерлік көрсетіп, елге, ұлтқа жанашырлық танытар ма екен?

Сондықтан, жаңа талаптарға, жаңа жас тұлғалар қажет болады деген пікірлер негізсіз емес.



Дегенмен, алғашқы қадам жасалды


Енді сайлау жүйесін жаңарту, әкімдерді сайлау, әділ сайлаулар, саяси бәсекелестік болған жағдайда саяси моноцентризмнен полицентристік форматқа ауысамыз. Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері өз алдына үлкен проблема. Асығуға да, асықпайық деп, саяси процесті тежеуге де болмайды. Демократиялық реформалар жемқорлықпен күреске, экономиканы дамытуға да жол ашады.




Амангелді Айталы


Дереккөз: Abai.kz


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x