Украина: Қазақстан қандай сабақ алды?

Dalanews 24 сәу. 2015 07:08 324

Украинаның тағдырын талқылау, бұдан Қазақстанның қандай сабақ алғанын айту дәл қазіргі уақытта қажет.

Саясаттанушы, экономист, философтардың басын қосқан КИПР пікір-сайыс клубындағы сөзсайыстың жалғасын ұсынып отырмыз.


бурнашевРустам БУРНАШЕВ
, саясаттанушы:

 «МӘСКЕУДІҢ КӨЗІНЕ ҚОС КӨРІНІП ЖҮР»

– Ресей империялық жолды таңдады. Кремль территориясын кеңітіп жатыр.  Империялық жолға түскен мемлекеттің әрі қарайғы жүрісі, бағыты қандай болмақ?

Мәскеу қазіргі Украинадағы жағдайды жаһандық текетірес тұрғысынан қарастырады. Ал Батыс: «Мәскеудің көзіне қос көрініп жүр. Бұл жаһандық текетірес емес, аймақтық дағдарыс» дейді.

Ресей өзін бұл жағдайдың негізгі ойыншысы ретінде мойындағысы келмейді. Батыс дәл солай ойлайды.

Бізге мұның бәріне көрермен ретінде қараудан басқа амал жоқ. Бізге көпвекторлық керек. Мұны Қазақстан ойлап тапқан жоқ. Бұл барлық әлсіз мемлекеттің «дәстүрлі» түрде ұстанатын сыртқы саясаты.

 

булуктаеваЮрий Булуктаев, Қазақстан Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері: 

«МАЙДАН БОЛМАСА ҚЫРЫМ ДА БОЛМАС ЕДІ»

– Украина қалыптаспаған мемлекет. Іргетасы әлсіз. Қазақстан бұдан 3 сабақ алды:

Біріншісі – майдан. Біз бұдан қорқу керекпіз.

Екіншісі – биліктің олигархтық жүйеге айналуы қауіпті. Бұдан да қорқуға тиіспіз.

Үшіншісі – елді сыртқы күштердің билеп-төстеуінен сақтасын дейік.

Майдан неге алып келді? Украина хаосқа түсті. Бұл майданның ең басты нәтижесі. Мұнда мемлекеттік төңкеріс болды.

Майдан неге алып келді? Украина территориялық тұтастығынан айырылды.  Майдан болмаса Қырым да болмас еді.

Майдан неге алып келді? Азаматтық соғысқа. Бұл не? Бұл екі түрлі көзқарастың, екі түрлі ұстанымның текетіресі.

Біз фашизм мен антифашизмнің аражігін ажыратып алуымыз керек. Менің араласатын украин таныстарым өте көп.  Былтыр Луганскіде тұратын ескі танысымнан хат алдым. «Ополченецтер» қатарындағы ұлымды өлтіріп кетті. Енді мен олардың қатарына қосылуға міндеттімін. Себебі, менің атам мен әкем Украинаны фашистерден босатқан болатын. Маған олардың әрекетін қайталайтын кез келді...» деді. Яғни, Украинаны фашистерден арылтуға тиістімін дегені ғой.

Майданға қаржылай қолдау көрсеткен адам ақыры билікке келді. Ол – Порошенко. Майданды төлеген сол.

Украинада ұлттық бірлік жоқ және болмаған да. Ал бізде бар. Елбасымыз мұны әрдайым айтып келеді. Біреуге ұнамауы мүмкін. Бірақ бұл адамдарды біріктіретін күш.

 

толешевУәлихан ТӨЛЕШЕВ, философ:

 «ЕСКІ МЕН ЖАҢАНЫҢ ҚАҚТЫҒЫСЫ»

– Ерте, әлі де ерте. «Майданның қорытындысы қандай болды?» деуге бір жыл аз.

Революция туралы айтқанда ең алдымен Ұлы Француз төңкерісі ойға оралады. Бұл билік пен халықтың арасындағы қарым-қатынастың жаңа дәуірін ашқан төңкеріс болды. Бірақ ол кездері де бұған қандай да бір баға беруге болмайтын еді. Оның нәтижесін араға ғасырлар салып көріп отырмыз. Бүгінгі өзгерген әлем, жаңарған жаһандық жағдайға дәл осы революция себеп болды.

Осы отырғандардың өз көзқарасы, мүддесі бар. Ресейшіл саясаттанушылар, сарапшылар отыр арамызда. Атын айтпай-ақ қояйын, бірақ сондайлардың бірі «Украина әлсіз мемлекет» деп қалды. Керісінше, бүгінгі майдан бұл ұйқысынан оянған украин қоғамының мықтылығы. Қоғам өсті, өзгерді. Ендеше ескінің де өзгеруі заңды.

Ескі және жаңаның қақтығысы. Атақты тарихшы Норман Дэвис «барлық революция» осындай дүниелермен байланысты» дейді.  Посткеңестік кеңістік осындай буржуазиялық төңкерістердің фазасына кіргендей. Бұл демократиялану кезеңі, жаңа қатынастардың дәуірі немесе капитализмнің күшейе түскендігінің белгісі.

Бұл украин дағдарысы емес, бұл тұтас посткеңестік кеңістіктегі орыстық коммунизм үлгісінің дағдарысы.

Украинада ұлттық бірлік жоқ дегенге де келіспеймін. 1994 жылы бұл ел Еуроодақпен шарттасу туралы келісімге қол қойған. Және заңнамасын да соған сай біртіндеп өзгертуі тиіс еді. Сайып келгенде Путин аты өшкен «сәбет үкіметін» қайта тірілтуге талпынып жатқан тұста украиндықтардың  өз қалауымен таңдаған бағыты бар-тын.

 

шибутовМарат ШИБҰТОВ, саясаттанушы:

«УКРАИНА ЕҢ КЕДЕЙ ЕЛГЕ АЙНАЛАДЫ»

– Украина экономикасы 2014 жылы қаншалықты өзгерді? Сол туралы айтайын.  Янукович билікке келгелі бері Украин экономикасы өсумен болды. ІЖӨ жылына 20 пайызға өсті.  Осы уақытқа дейін бұл көрсеткіш 20-25 пайызға төмендеді. Экспорт 25 пайызға, импорт 20 пайызға, көмір өндірісі 30 пайызға, құрылыс саласы 10-15 пайызға азайды. Туризм 3 пайызға төмендеді. Мектеп саны 5 пайызға азайды.

Украина тұрғындарының тұрмысы төмендей түседі. Бұл ел Молдовадан кедей мемлекетке айналуы мүмкін.

 

кадыржановРүстем ҚАДЫРЖАНОВ, саясаттанушы:

 «НАҒЫЗ РЕСЕЙДІҢ ҚАНДАЙ ЕКЕНІН БІЛДІК...»

– Әңгіме Украинада емес, Ресейде жатыр. «Украина -2014»  – бұл тап-таза  Путиндік жүйенің жобасы. Қазақстан бұдан қандай сабақ алды?

Меніңше, біз нағыз Ресейдің қандай екенін  білдік, ол бетпердесін сыпырды. 2014 жылға дейін Ресейді Вестьфальд жүйесіне бағынатын ұлттық мемлекет ретінде қарастырып келдік. Бірақ, Путин елді ХІХ, ХХ ғасырға бір-ақ сырғытты.

Ұлттық бірлік туралы айтып жатырсыздар. Украинаны тағы да сынға алдыңыздар. Бірлік дегеніміз не? Ең алдымен – сенім. Біз бәріміз де Қазақстанды ортақ отанымыз, ал өзімізді бір ұлт қабылдауымыз керек. Бүгінгі жиында олай ойламайтындар отыр...

Украинадағы оқиғалар біздің бүгінге дейін қалыптасқан бірлігімізге, ынтымағымызға да әсер етуде. Психологиялық фон үлкен өзгеріске ұшырады. Қазақ пен «өзіміздің орыстың» арасындағы өзара сенімге селкеу түсті.

Ашығын айтайын, ертең Кремль дәл мұндай сценарийді Қазақстанда қайталар болса, қазақ қолына қару ұстап ұрысқа шығады? Ал орыс ше? Олар қайтпек? Қазақтың артынан ере ме, әлде басқыншыларды (немесе өзінің этникалық бауырларын) нан мен тұз көтеріп қарсы ала ма?

 

косановӘміржан ҚОСАНОВ, саясаткер:

«СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙДІКІ» ДЕЙТІНДЕР ТҮРМЕДЕ ОТЫРУЫ ТИІС»

– Кремльден қорғану үшін не істеу керек? Ең алдымен Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік саласындағы заңнамасын қатаңдату қажет. Тәуелсіздікке тіл тигізген, күмән келтірген, «Солтүстік Қазақстан – Ресейдікі» дегендер түрмеде отыруы тиіс.

Екінші, Қазақстанның тарихын айту керек. Бала кезден адамның құлағына құйып, «бұл – біздің жер және бұл жерге ешкімнің тұмсық тығуға құқы жоқ» деп тәрбиелеген жөн. Керек десеңіз, бұл әрбір таксистің санасында болуы тиіс.

 

касеноваНарқыз ҚАСЕНОВА, саясаттанушы:

РЕСЕЙ ҚҰРАЙ АЛМАЙДЫ,  БІРАҚ БҮЛДІРЕ АЛАДЫ

– Қазіргі авторитарлық жүйелер зорлық-зомбылықтың орнын ақпараттық насихатпен алмастырған. Кремль халықты ақпарат құралдары арқылы алдап-арбап отыр. Ресей мұны мейлінше пайдалануда. Ал бұдан басқа ресурсы жоқ. Ресей бірнәрсені жөнімен құрай алмайды. Үлкен жобаларға қарайықшы... Бірақ, бүлдіре алады. Оған Украина ғана емес, Молдова , Грузиядағы оқиғалар мысал.

Халықаралық құқық, қауіпсіздік. Бұған Ресей емес, бірінші кезекте біз мүдделіміз.

 

жумалыРасұл ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:

 «УКРАИНА САНА ТӘУЕЛСІЗДІГІН АЛДЫ»

– Иә, Қазақстан бөлек мемлекет.  Бірақ Украинаға ұқсас тұстарымыз өте көп. Оны жасырмай айту керек. Украинада жағдай кеңес одағының күйреу сәтіндегі тарихи оқиғалардың жалғасы іспетті. Украин халқы сана тәуелсіздігін алды және мұнысы үшін бүгінгідей күйге түсті. Кремль осы арқылы «еркін ойлағысы келген елдер Украинаның кебін киетінін» көрсетіп отыр.

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x