Зымыран тасығыштардың құлауымен байланысты ықтимал апатқа дайындық барысы сараланды

Dalanews 29 окт. 2021 14:45 960

«Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде зымыран-тасығыштардың авариясымен байланысты төтенше жағдайлар туындаған кезде азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарының күштері мен құралдарының іс-қимылға дайындығы» тақырыбында «Зымыран-2021» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аяқталды, – деп хабарлайды Dalanews.kz ҚР ТЖМ Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқу-жаттығудын басшылығы Жезқазған қаласынан жүзеге асырылды. Оқу - жаттығу кезеңдері тасымалдағыш зымырандардың ұшу трассасының бойында орналасқан өңірлерде өтті: Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының, Нұр-Сұлтан қаласының аумағында.

Оқу-жаттығудың бірінші күні авариялық-құтқару қызметтерінің күштері мен құралдарын басқару органдарын хабардар ету, жинау және олардың әзірлігін тексеру бойынша іс-шаралар пысықталды.

Екінші кезеңде практикалық іс-қимылдар жүргізілді. Сонымен, оқу-жаттығудың жоспары бойынша «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыру кезінде штаттан тыс жағдай орын алды. Апат салдарынан тасымалдағыш зымыран әуеде құлап, Жезқазған қаласының Талап ауылдық округінің аумағына ұшу аппаратының көптеген бөліктері құлады.

Апат болған жерде елді мекенге көшу қаупімен дала өрті пайда болды. Сондай-ақ, зымыран тасығыштың құлауы кезінде зымыран отынының ішінара төгілуі орын алды. Сонымен қатар, зымыран құлаған жерде жануарлардың өлімі фактілері анықталды.

Төтенше жағдайдың туындағаны туралы белгі алғаннан кейін авариялық-құтқару қызметтерін хабарландыру және жинау бойынша іс-шаралар жүргізілді, ТЖ аймағын қоршау, ТЖ аймағына радиациялық-химиялық барлау жүргізу бойынша гептилдің болуын, қауіпті аймақтың мөлшерін және желдің бағытын айқындау тұрғысынан практикалық іс-шаралар пысықталды.

Сонымен қатар, зымыран отыны құрауыштарымен залалданған аумақтарды бейтараптандыру, өрт ошақтарын сөндіру, қираған ғимараттардың үйінділерін талдау, зардап шеккендерді іздеу және құтқару, жақын маңдағы елді мекеннің тұрғындарын эвакуациялау бойынша практикалық іс-шаралар өткізілді.

«Зымыран-2021» РКШОЖ қорытындысы бойынша оқу-жаттығу басшылығы басқару органдары мен азаматтық қорғау күштерінің жоғары әзірлігін қамтамасыз ету бойынша нақты нұсқаулар берді.

Жыл сайын «Байқоңыр» ғарыш айлағынан 20-ға жуық зымыран ұшыру жүзеге асырылады. Тасымалдағыш зымырандардың құлауымен байланысты авариялардың ең көп саны Қарағанды облысының аумағында болды: 1993ж, 1996ж, 1997ж, 1999ж (2 жағдай), 2007ж, 2018ж. Соңғы апаттар Протон зымырандарының құлауымен байланысты.

Зымыран тасығыштардың құлауымен байланысты ықтимал апаттарға дайындық ерекше бақылауда.

Рекомендовать
Последние новости