2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда зейнетақы төлемдері мен тұрғын үйге немесе емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) алынатын барлық зейнетақы төлемдерінен енді 10 пайыздық жеке табыс салығы ұсталмайды. Бұл өзгеріс тек Қазақстанның резиденті емес азаматтарға төленетін зейнетақы төлемдеріне қолданылмайды.
Бұған дейін зейнетақы мен біржолғы төлемдер табыс ретінде қарастырылып, одан 10 пайыз салық ұсталып келген. Ал біржолғы төлемдерді пайдаланған кезде азаматтар салықты бірден немесе кейінге қалдыру арқылы төлеуге мәжбүр болатын.
2026 жылдан бастап бұл талаптар алынып тасталады. Сонымен қатар, бұрын кейінге қалдырылған жеке табыс салығы бойынша міндеттемелер де жойылады. Алайда бұрын бюджетке төленген салықтар кері қайтарылмайды.
Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін ерекше тәртіп сақталады. Олар біржолғы зейнетақы төлемдері бойынша кеңейтілген салықтық шегерім қолдана алады. Егер мұндай азаматтар бұрын салық төлеп қойған болса, үш жыл ішінде БЖЗҚ-ға өтініш беріп, артық төленген соманы қайтарып алу мүмкіндігі бар.
Бұл өзгерістер азаматтардың зейнетақы жинақтарын тиімді пайдалануына және қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған.
