«Заң және тәртіп»: елорданың сауда орындарында қауіпсіздік мәселесі түсіндірілді

Ақтоты Жапатова 31 июл. 2025 10:10

Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы, Байқоңыр ауданының әкімдігі, сондай-ақ Полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері «Алаш», «Шарын», «Әмір» және «Шанхай» базарларында түсіндіру жүргізді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Іс-шараның мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу және кәсіпкерлер арасында құқықтық мәдениетті арттыру. Шара барысында санитарлық нормалар, өрт қауіпсіздігі талаптары мен жалпы заңнама нормаларын сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жүргізілді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын насихаттап келеміз. Бүгін біз бұл қағидаларды базарларда жұмыс істейтін кәсіпкерлерге түсіндіріп жатырмыз.

Біріншіден, заңға сәйкес олар өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауы тиіс. Біз осы ережелерге немқұрайлы қарау салдарынан болған ірі өрт оқиғаларын жақсы білеміз. Екіншіден, қазіргі уақытта базарлар жаңғыртылып жатыр және олардың иелері өз жалға алушылары үшін заманауи, қауіпсіз әрі ыңғайлы сауда орындарын жасау мақсатында жаңа стандарттарды сақтау міндетті. Біздің іс-шарамыз – бұл рейд немесе тексеріс емес, бұл – профилактикалық жұмыс. Оның мақсаты – адамдарға заңды сақтаудың маңызын түсіндіру», – деді Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жанабаев.

Саудагерлерге сауда нүктелерін санитарлық талаптарға сай ұстау, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, сондай-ақ қолданыстағы заңнама нормаларын бұлжытпай орындау қажеттігі ескертілді.

Елорда базарларында қауіпсіз және заңға бағынатын ортаны қалыптастыру мақсатында мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізілетін болады.


Рекомендовать
Последние новости